Елдің бес облысында алғашқы арендалық пәтерлер пайдалануға берілді - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+14 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елдің бес облысында алғашқы арендалық пәтерлер пайдалануға берілді

Елдің бес облысында алғашқы арендалық пәтерлер пайдалануға берілді

 Бүгін «Бәйтерек»  холдингі  Наурыз мейрамы қарсаңында, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Астана, Алматы, Көкшетау, Қостанай, Семей қалаларында тұрғындарға жаңа 1 357 пәтердің кілттерін табыстады.

  • 19 Наурыз 2015
  • 455
Фото - Caravan.kz

Тапсырылған үйлердің жалпы көлемі — 76,5 мың шаршы метр.

Баспанаға ие болған азаматтардың 50 пайызы жас отбасылар арасында бөлінген болса, қалғаны бюджеттік ұйымдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, көп балалы отбасылар, мүгедек, жетім, ата-анасыз қалғандарды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, оралмандар және әскери қызметкерлер арасында бөлінді.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылғы сәуір мен желтоқсан айлары арасында көлемі 165,5 мың шаршы метрге тең  1 511 пәтер  Астана, Ақтөбе, Қостанай, Тараз, Қызылорда қалаларында тапсырылмақ.

Қазақстан халқына арналған «Нұрлы жол — Болашаққа бастар жол» Жолдауында, Президент Нұрсұлтан Назарбаев қолжетімді тұрғын үйлер құрылысының механизмдерін өзгертуді талап еткен болатын. Үкімет аймақтардың 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын қабылдағаны белгілі. Онда жалға алу пәтерлеріне көп көңіл бөлінген. Жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үйлерді жеңілдетілген шартпен беруге Ұлттық қордан 180 млрд. теңге бөлінсе, оның 35 млрд. теңгесі жергілікті атқарушы органдарға арналған. Олар бұл қаржыны қажетті инфрақұрылым жасақтауға жұмсауы тиіс. «Бәйтерек» холдингіне жалға берілетін үйлер салып, оларды сатып алуға 145 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржының 92,5 млрд. теңгесі 2015 жылы, қалған  — 52,5 млрд.-ы — 2016 жылы игерілуі тиіс.

Егер тұрғын үйді біртіндеп 20 жыл ішінде сатып алу шартына отырсаңыз, онда шамамен 33 шаршыметрлік бір бөлмелі пәтердің ай сайынғы жал құны еліміз бойынша 34 мың теңге болады. 45 шаршыметрлік екі бөлмелі пәтердің құны — 46 мың теңге. Ал 62 шаршыметр болатын үш бөлмелі пәтердің жалдау құны  63 мың теңгеден аспайды.


Ал егер пәтер сатылмай, тек он жылға жалға алынатын болса, онда 20-шаршыметрлік бір бөлменің ай сайынғы жалдау құны 10 мың, 30 шаршыметрлік 2 бөлмелі пәтерлер 15 мың теңге, ал 45 шаршыметрлік 3 бөлмелі пәтерлерге төленетін жалдау құны ай сайын 23 мың теңге болады.