Бүгінгі сотта әдеттегідей қылмыскерлердің туған туыстары емес, күзеттің қарасы әлдеқайда көбірек. Үкім шығып жатқанда азаматтардың жүзінен өкініш көре алмадық. 6 азаматтың 4-уі күрестен ел чемпионы , тағы біреуі кәсіби теннисші екен. Абақтыға көбі қарақшылығы үшін түсіпті. Темір торда да қарап отырмаған. Жазасын өтеушілер арасында құмар ойындар өткізіп, ұтыстың бір бөлігін қылмыстық қазынаға салық ретінде алған.
Дәурен Мадалиев, судья:
-Көбінесе, карта ойындарын ақшаға. Ұтқан адамдар 30 пайызын 100 пайыздың 30 пайызын Қабылбаевтың туыстарына бостандықта жүрген туыстарына, достарына апарып береді. Сол ақша ұры қазынасына енгізіп, Ресей Федерациясына жібереді.
Соталушылардың арасында жас жағынан да, мәртебесі жағынан да үлкені 30-дағы Мақсат Қабылбаев 5 жыл бұрын түрмеге түскен. Мұнда абыройы асқақтап, ресейлік қылмыс серкесі Жора Ташкентскийдің назарына ілігіпті. Телефон арқылы оның батасын алған Мақсат Шымкенттегі 167/3 мекемесінде өзі сияқты жазасын өтеушілердің үстінен қараған. Қасына ерткен 5 көмекшісімен оп-оңай қыруар қаржы тапқан Қабылбаевтың әрекеті ақыры әкере болды. Енді 12-ден 16 жылға дейін жаза үстіне жаза қосып отыр. Тек, адвокат қорғауындағылардың кінәсі толық дәлелденбеді дейді.
Қадырбек Құлтаев, адвокат:
-Бұл жерде ақшаны Мәскеудегі бір қылмыстық ұйымға аударған дейді. Ондай дәлел жоқ бұл жерде.
Үкім кесілген алтаудың бостандықта жүріп ақша аударуға көмектескен туыстарына да қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тек, көп ұзамай жабылыпты. Қазір, Ресейде әйгілі Ташкенттік Жораның ақшаны қабылдап алуға көмектескен көмекшісі шатылып жатыр. Жалпы, алтылыққа мұнан да қатал жаза беруге болады екен. Тек, судья назарға отбасылық жағдайды алып жеңілдетіпті. Мәселен, Қабылбаевтың 3 баласы болса, тағы біреуінің сәбиі 20 күн бұрын ғана өмір есігін ашқан екен.