Марқұмның ажалы астан болды ма, әлде аяқасты денсаулығы сыр берді ме бұның нақтысын сараптама анықтайтын болады. Төрт күннен соң 45 жасқа толатын Нұрлан Қаппаров биліктегі ең жас әрі болашағынан үміт күттіретін кадрлердің бірі еді. Мұнай-газ бизнесінен бастаған ол, кейін билікке келіп түрлі лауазымды қызмет атқарған. Қоршаған ортаны қорғау министрі болып, оның атауы өзгерген соң, осыдан 7 ай бұрын «Қазатомөнеркәсіп» компаниясын басқаруға тағайындалған болатын. Марқұмның денесін елге жеткізумен қазір Сыртқы істер министрлігі айналысып жатыр. Соңында жары, бір ұл мен бір қызы қалды. Forbes журналының есебі бойынша, Қаппаровтың жиған терген 120 миллион доллардан астам ақшасы бар.