Көк мұздың кесірінен Ақтөбеден Оралға қарай шығар жолда жүзден астам көлік қаңтарылып тұр. Барлығы дерлік шетелдерден жүк таситындар. Уақыттары ақшамен есептелетін жүргізушілердің шыдамы таусылған. Себебі кешелі бері мұнда жолды мұздан тазартуға ешбір көлік келмепті.
Манарбек Рамазанов, көлік жүргізуші:
-Қытайдан шығып Мәскеуге кетіп бара жатырмыз. Төтенше жағдайы комитетіне хабарлассақ, жол ашық дейді. Ашық боп тұрған ештеңесі жоқ. Көк мұз. Мына жерге кішкентай ғана аз-маз құм сепсе болады.
Дәл осындай жүз қаралы көлік Қобда ауданынан шығар жолда тұрып қалыпты. Ол жақта да сірескен мұздан жүру мүмкін емес. Ал үш күн бойы жолда қалған жүргізушілер қарындары ашып, жанармайларының таусылып жатқандарын айтады. Шағымдарын бейнетаспаға түсіріп, редакциямызға да жіберді.
-Мына жүргізушілер үш күннен бері аш жатыр. Мынау болгар жігіті. Визасы бітуге жақын. Не деген масқара? КТК арнасы енді сіздерден ғана көмек сұрау қалды.
Ал «Қазавтожол» қызметкерлері тұз аралас құм себілген үш көлікті жібергендерін айтып жайбарақат отыр. Тіпті жолда қалған жүздеген жүргізушінің өздерін жазғырды.
Әкімжан Өтемұратов, «Қазавтожол» РМК Ақтөбе филиалының директоры:
-Ол жердегі машиналардың өзі мынау көктайғаққа қарсы жабдықталмаған. Сол себептен тұр. Егер машина өзінің дөңгелегі, резинасы, цепі бәрі жақсы күйде болса өтіп жатыр.
Ал көршілес Қостанайда ақ түтек боран. Ол жақта да жүздеген көлік далада қалған. Жүк тиелеген бір машина боранда аударылып қалыпты.
— Әуликөл жолы бұл. Жанармай бітті. Кептеліп тұрғанымызға екінші тәулік.
Көктайғақта көліктері жүрмей тұрған жүргізушілер «Казавтожол» мекемесі директорының сөзін тағы да жоққа шығарды. Себебі құм тиелген көліктің қарасы көрінбеген.