Биыл 6-8 ақпан аралығында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев бастаған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен (санкциялар алынған соң) Тегеранға (Иран) барады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР ИДМ баспасөз қызметі хабарлайды. Қазақстандық өнімдерді Иран нарығына (металл өнімдері, құрылыс материалдары, жентек, астық және т.б.) экспорттау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты «сауда миссиясы» өткізіледі (сатушылар мен тұтынушылардың кездесуі). Сапар аясында «Бәйтерек» ҰБХ мен KAZNEXINVEST экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттіктің ұйымдастыруымен Қазақстан-Иран бизнес форумы өтеді. Форумда инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік жобалар бойынша ынтымақтастықты дамыту, сонымен бірге бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланады. Иранда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері және шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларының тұсаукесері өтеді. Бизнесфорумға Қазақстанның 40-тан астам ірі кәсіпорнының және Иранның 150 ірі корпорациясының өкілдері қатысады. ҚР Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешевтің сапар аясында Иранның ресми тұлғаларымен, соның ішінде Көлік және ауыл шаруашылығы министрлерімен, сонымен бірге іскер топ өкілдерімен кездесуі жоспарланған.