Қызылжар қарға бөгіп жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қызылжар қарға бөгіп жатыр

Қызылжар қарға бөгіп жатыр

Қызылжар омбы қардан аршылмай тұр. Жылдағыдан екі есе артық түскен ақ ұлпа дер кезінде шығарылмаса, көктемде шаһар топан судың астында қалуы мүмкін. Шенеуніктер қар шығаруға білек сыбана кірістік десе, жер үйде тұратын халық тек орталық көшелер ғана тазаланды деп реніш білдіруде.  

  • 30 Қаңтар 2016
  • 328
Фото - Caravan.kz

Қыстың мұншама қарлы болуы өңірде соңғы бес-алты жылда байқалмаған. Оның үстіне желтоқсанның жылы күндері жауған жауын мен еріген ақ ұлпа қазір қардың астында мұз болып сіресіп жатыр.   

Мамандардың айтуынша, қар астында қатып тұрған мұзды аршып, күннің көзіне ерітпесе, ертең ол еріген қар суының топыраққа сіңуіне кесірін тигізеді екен. Соның салдарынан топан су жер үстімен жүріп, тұрғындарды біраз әбігерге  салуы мүмкін.

Осыны түсінген шенеуніктер күндіз-түні жанталасып жатыр. Таңғы сағат беске дейін техникаға тыным жоқ. Мына ауыр техникаларды аудандардағы шаруа қожалықтары көмекке жіберіпті. Омбы қардың кесірінен тарылып қалатын көшелер көліктердің де жүруін қиындатқан.

Серік Қанапинов, Петропавл қаласы коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Көше тазалағанда оның енінің  талапқа сай болуын қадағалаймыз. Әйтпесе, тротуарды қар басып қалады да, жаяу жүргіншілер онсыз да тар көшемен жүруге мәжбүр болады. Қазір ірі көшелерді қардан аршып болдық. Енді шағын көшелерге көштік. 

Ал жер үйлерде тұратын халық қыс бойы омбы қардан көз ашпайды.  Көктемде ол еріп, үйлерінің жертөлесіне су толып қалатыны тағы бар. Осыны білетін жұрт есік алдындағы қарын көшеге шығарады. Мұнысы үшін тек биыл ғана 670 адамға айыппұл салыныпты. Ал тұрғындар құзырлы орындардың өзін көшедегі қарды шала-пұла тазалайды деп айыптап отыр.


Айтбай Ақылжанов, Петропавл қаласының тұрғыны:  

-Трактор тазалағанда мына жердің бәрін тастап кетеді. Биік-биік тау сияқты болып. Солардың бәрін екі шетке лақтырып тастаймыз. болды. Көктемде су болып қалады осының бәрі, басып қалады су.

Тұрғындарды да түсінуге болады. Олар есігінің алдындағы қарды бақшаларына жинау керек, болмаса техника жалдап полигонға апаруы тиіс.  Бір трактордың жарты сағат жұмысы бес мың теңге. Оған ақшасын қимағандар тәртіп сақшылары көзін ала бере қарды бәрібір көшеге төгеді.