Астанада 9 қонақүй мен мейрамханаға «Recommended by EXPO-2017» сертификаттары берілді - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+18 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада 9 қонақүй мен мейрамханаға «Recommended by EXPO-2017» сертификаттары берілді

Астанада 9 қонақүй мен мейрамханаға «Recommended by EXPO-2017» сертификаттары берілді

Астана қаласының «Recommended by EXPO-2017» серіктестік бағдарламасы шеңберінде алғашқы тоғыз қонақ үй мен мейрамхана мақұлданды, деп хабарлайды Елорданың ресми сайты.

  • 11 Ақпан 2016
  • 451
Фото - Caravan.kz

Бүгін Астана қаласының «Recommended by EXPO-2017» серіктестік бағдарламасының бірінші қатысушыларына сертификаттар мен белгілерді салтанатты тапсыру рәсімі болып өтті.

Марапаттау рәсіміне Астана қаласының «Recommended by EXPO-2017» серіктестік бағдарламасы комиссиясының төрағасы, Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрәлі Әлиев, «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-ның өкілдері, сонымен қатар, елордалық қонақ үйлер мен мейрамханалардың және өзге де қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындардың басшылары қатысты.

«Халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесіне дайындық жүргізу және өткізу кезіндегі басты міндеттердің бірі — қызмет көрсету саласында лайықты сервис ұсыну болып табылады. Көрмені өткізу деңгейіне қарай қаланың туристік дестинация ретіндегі даму келешегі  айқын болмақ. Сондықтан, біз аталмыш серіктестік бағдарламасы шеңберінде бірлесе отырып, алдымызға қойылған міндеттерді орындай аламыз деп сенемін», — деді Нұрәлі Әлиев.

Туристік саланың он кәсіпорны арасында қызмет көрсету деңгейін бағалау нәтижелері бойынша «Астана қаласының алтын серіктесі» атағы «Soluxe Hotel Astana», «Radisson Hotel Astana» қонақ үйлеріне, «Astana Marriott» отеліне және «Korean House» мейрамханасына берілді.

«Күміс серіктес» белгісін «Park Inn by Radisson Hotel Astana» қонақ үйі жеңіп алды. «Қола серіктес» санатында «Ibis Hotel Astana», «Grand Park Esil Astana» қонақ үйлері және «Думан» қонақ үй кешені марапатталды. Ал «Peshnan» кондитерлік дүкені берілген ұпайлар саны бойынша «Астана қаласының серіктесі» санатында сертификатқа ие болды.

Бағдарламаның оныншы қатысушысы Астана қаласының «Recommended by EXPO-2017» серіктестік бағдарламасының талаптарына сәйкес келмеді.


Осылайша, Астана қаласының ресми серіктестері өз брендтерін Астана қаласы әкімдігінің, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ, «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС сайттарында, әуежай мен теміржол вокзалындағы ақпараттық киоскілерінде басымдықпен орналастыру, туристерге арналған ақпараттық материалдарда, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің навигациялық жүйесінде орналастыру құқығына ие болады.

Қазіргі кезде бағдарламаға қатысуға 50-ден астам өтініш берілген.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қазан айында Астана қаласының әкімдігі «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ-мен бірлесіп Астана қаласының «Recommended by EXPO-2017» серіктестік бағдарламасының іске қосылғандығы туралы хабарлады. Оның жұмыс органы «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-ы болып табылады. Бағдарламаға барлық елордалық қонақ үйлер, қоғамдық тамақтану орындары мен қызмет көрсету салалары қатыса алады.