Нью-Йорктегі қазақ полицейі - баспасөзге шолу - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+19 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Нью-Йорктегі қазақ полицейі - баспасөзге шолу

Нью-Йорктегі қазақ полицейі - баспасөзге шолу

Бірнеше күннен бері Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары Нью-Йорк қаласы полицейлік департаментінің офицері, қазақ Данияр Нұртаза туралы жарыса жазып жатыр. Данияр АҚШ-тың газет-журналдары үшін де қаһарманға айналған жігіт. Себебі, ол бір жыл бұрын метро стансасының жанында толғағы қысқан келіншекті аман-есен босандырып алған еді. Бүгін «Егемен Қазақстан» газеті «Еsquire.kz» сайтында шыққан Даниярдың сұхбатын аударып беріп отыр. Данияр Нью-Йорк полициясына жұмысқа орналасу оңайға соқпағанын айтады. Бұл оқиға 4 жылға созылған еді. Басында Даниярдың ақыл-ойын тексеріп, психологиялық тесттен өткізіпті. Емтихандарды жақсы тапсырған Данияр дене шынықтырудан да көп сынақ тапсырған. Оған «егер жүгіре алмасаң - құжатыңды тапсырмауға да болады деп бірден айтқан  екен.  «Бұдан 13 жыл бұрын, 2002 жылдың сәуірінде кенже інім мектепті бітіре сала біз бүкіл отбасымызбен АҚШ-қа қоныс аудардық. Інім 17-де, мен ол кезде 20 жаста болатынмын. Інім АҚШ-та, Колумбия университетінде оқығысы келді. Отбасымыз өте ұйымшыл. Сол себептен де бәріміз түп көтеріліп бірге келдік. Біз алматылық әдепкі отбасы болатынбыз. Үш бөлмелі қарапайым пәтерде тұрдық. Мен Алматыдағы университеттің 3-курсында оқып жүргенмін. АҚШ-қа кететін болған соң, оқуымды тастауға тура келді. Алғашында Брайтон-Бичтегі бейнесалонға орналастым. Онда бір апта істедім. Ол жерде бейнекассеталарды прокатқа берумен айналысатын. Клиенттердің бәрі орыс тілділер. Бос уақытымда ағылшын тілін өздігінен үйретушіні ашып, соны оқи бердім. Әрбір сөзді, әлдебір сөз тіркестерін есте сақтап қалуға тырыстым. Мектепте немісшені оқығандықтан, ағылшынша мүлдем білмейтінмін. Тіпті, атым кім және жасым қаншада екендігін де айта алмайтынмын. Мұнда келген соң үш күннен кейін әкеміздің жүрек талмасы ұстады. Ол іштегі уайымын бізге байқатпағанымен, бастан кешкен жағдайдың бәрі оған ауыр тиген екен. Мен госпитальге келдім, бірақ тіл білмегендіктен әкемді таба алмай қойдым. Тіпті, орыс тілді мейірбикелердің өздері орысша түсінбейтіндей сыңай танытты. Біздің сақтандыру қағазымыз жоқ еді. Әйткенмен, АҚШ-та тіпті, адамның сақтандыруы жоқ болған жағдайда да сіз медициналық көмек алуға құқылы екенсіз. Әкемізді емдеп, сауықтырып шығарды. Сөйтіп, денсаулық сақтау жүйесі туралы алғашқы әсеріміз жағымды болып шықты. Олар науқасты сақтандырусыз, қажетті құжаттарсыз, қолындағы қазақстандық төлқұжатымен-ақ аяғынан тік тұрғызды. Мамамыз мұнда келген соң туған елді ылғи аңсап жүретін болды. Елге бір барып қайтсам деген арманын айта беретін. Қазір денсаулығы ептеп сыр бере бастады. Дегенмен, Қазақстанға бәрібір барып қайтамын деген ойынан қайтар емес. Әкем Қазақстанға барып та келді. Сонда мен ол үшін қатты уайымдадым. Өйткені, кеткеннен кейін Қазақстанға алғаш рет өзім ұшып барғанымда ағыл-тегіл жылап, тынысым тоқтап қала жаздаған-ды. Тіпті, Астанаға барғанның өзінде. Бұрын ол қаламен таныс емес едім. Сондықтан, ол жерге табан тіреу маған сәл де болса жеңілірек болған сияқты. Бұл 2007 жыл, демек, біздің кеткенімізге бес жыл толған еді. Осы бес жыл отбасымыз үшін өте ауыр кезең болды. Америкада болған алғашқы екі-үш жылдың қиындығы моральдық тұрғыдан да, басқа жағынан да әлі күнге дейін есімізден кетпейді. Мен - қазақпын. Қазақ болып тудым, солай болып қаламын. Қай жақта өмір кешсем де, үйімнің қайда екенін, балалық шағым қайда өткенін бәрібір ұмытпаймын. Даяшы болып істеп жүргенімде бір мықты жігіттер келді. Олар менің Қазақстаннан келгенімді біліп, қасыма келіп, құшақтап, екеуі де жылап жіберді. Бұл ағайынды жігіттер Қызылордадан келген еврейлер екен. Олар мұнда 10 жасында келіпті. Туған үйіміз Қызылорда дейді. Өздерінің осында бар жағдайы жасалған, Манхэттеннің орталығында ілкімді бизнеспен айналысады. Бірақ шалшық, шаң болса да, өздері туып-өскен Қызылорда олар үшін туған ел, өз Отаны деп саналады. Тіпті, қазақ емес екеніне қарамастан, Қазақстанды олар өздерінің атамекені деп есептейді»,-деген ұзақ сұхбатының арасында. Нью-Йорктегі қазақ батыры туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Нью-Йорктегі қазақ полицейі» атты мақаладан оқи аласыздар.

  • 25 Ақпан 2016
  • 563
Фото - Caravan.kz

Сондай-ақ, бас басылым бүгін жаны жомарт Нияз Сүндетәлиев туралы жазады. «Нияз Сүндетәлиев 5,5 миллион теңгені қайырымдылық қорына аударды. Адамзат баласын сүю үшін адамның он екі мүшесінің сау болуы тіпті де міндетті емес екен. Мұны өзінің мүбәрак ісімен Нияз Сүндетәлиев есімді 26 жастағы қарағандылық жігіт тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Нияздың өзі осыдан төрт жыл бұрын ауыр жарақат алып, мүгедектер арбасына таңылған болатын. Сол кезде жап-жас жігіттің басына төнген бақытсыз жағдайға шын қынжылған достары мен туыстары түрлі акциялар мен флешмобтар ұйымдастырып, қаржы жинастырған. Ал бүгінгі күні Нияз болса, еліміздің түкпір-түкпіріндегі қайырымды жандардан келіп түскен сол қомақты қаржы — 5 миллион 584 мың 504 теңгені Аружан Сайынның «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының есеп-шотына аударып жіберді»,-деп жазады басыдым. Бұл туралы толығырақ «Өзі — мүгедек, жүрегі — жомарт» атты мақаладан оқыңыздар.

***

«Бүгінгі таңда қоғамда экономикаға, бизнеске деген қызығушылық басым» деп жазады «Айқын»республикалық газеті. ««Дағдарыс қай кезеңде де тек қауіп-қатер ғана емес, жаңа мүмкіндіктер көзі» (Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауы). Бұл мұнай, түрлі пайдалы қазбаларды сатудан түсетін қаржыға сеніп жайбарақат жата беру деген сөз емес. Бізге экономиканы тұрақтандырудың басқа жолын іздеуді қажет етеді. Яғни жасырынып жатқан мол мүмкіндіктің басты көзі — адами капиталдың іске қосылатын кезі жетті. Ол үшін кәсіпкерлікке қабілетті азаматтарды тарту, іскерлікке үйрету, олардың бойындағы ерекше қасиетін ояту қажет. Сонда ғана біз көптеген отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, елдің әл-ауқатының көтерілуіне әсер етеміз. Өз кәсібімен айналысқысы келетіндер саны артуда. Әрине, кез келген кәсіпті бастаудың алғашқы жолы — ол туралы толық әрі шынайы ақпарат алу қажет. Бірақ сол кәсіпті бастағысы келетіндер қазақ тіліндегі сапалы ақпаратқа қалай қол жеткізеді? Осы салаларды дамытудың бір құралы ретінде қазақ тілін қалайша тиімді қолдануға болады?» деген сұрақтарға жауап іздеп отыр басылым. Бұл туралы толығырақ «Айқын» газетінде жарық көрген «Мемлекеттік тіл бизнестің тіліне айнала ма?» атты мақаладан оқи аласызда.

***

Ал «Экспресс К» 
газеті бүгінгі санында Астанада жүрген неміс туристерінің қызықты эксперименті туралы жазады. Неміс туристер тіпті эксперименттерін видеоға түсіріп, ютуб желісіне шығарған екен. Ролик эксперименттен гөрі, Қазақстанның Астанасы туралы тамаша бейнебаянға ұқсайды. (https://www.youtube.com/watch?v=sLd2djQ1hEs). Жалпы, туристер талай ғалым әлі нақты дәлелін ұсына алмай отырған құбылыс — аязға шашылған ыстық су суық судан қарағанда неге лезде қатып қалады деген сұрақтың жауабын іздеген. Бұл туралы толығырақ «Экспресс К» газетіндегі «Астанинский эксперимент» атты мақаладан оқыңыздар.