ҚазҰМУ «Конкордия» театрында өткен қаралы жиынға Айқан Ақановтың достары мен әріптестері, шәкірттері, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі және Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, ғалымдар мен студенттер келіп, марқұмның отбасы мен туған туыстарына қайғырып көңіл айтты.
1200 орындық «Конкордия» театры халыққа лық толды. Студенттер де, егде тартқан ғалымдар да көз жастарын жасырмады. Ал театрға ене алмағандар далада тұрды. Жалпы, бүгінгі қаралы жиынға келген адамдардың саны 5 мыңнан асып жығылды. Олардың арасында әсіресе үстеріне ақ халат киген студенттер мен жас дәрігер мамандар көп болды.
«Айқан Ақанұлы өз ісінің нағыз майталман шебері, әлемдік деңгейдегі маман еді. Ол артында өшпес із алдырды. Әлі де халқына берері мол еді. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана кездескен болатынбыз. Ағамыз медицина саласын дамыту бойынша өз жоспарларымен бөліскен еді. Бірақ, амал қанша, сұм ажал алып кетті. Айқан Ақанұлы кезенде талай ғылыми жобаларды басқарды. Жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Біз денсаулық сақтау саласында көп жүйелерді Айқан Ақанұлының еңбектерінің арқасында жасадық. Солардың бірі — Саламатты өмір салтын қалыптастыру жүйесі. Айқан Ақанұлы қашанда өз білімімен бөлісуге дайын тұратын. Сондықтан да талай шәкірттер тәрбиелеп, талай мықты мамандар даярлап шығарды. Менің де кезінде ғылыми жетекшім болған. Бұл қайғы денсаулық сақтау саласы үшін орны толмас қайғы. Айқан Ақанұлы отандық денсаулық сақтау жүйесінің шын мәнісінде — ар-ожданы болған тұлға. Сондықтан, біз — оның шәкірттері, Айқан Ақанұлының ісін одан әрі жалғастыруға тиіспіз», — деді өз сөзінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов.
Өз кезегінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев та қала әкімдігі атынан қайғырып көңіл айтты.
«Айқан Ақанұлы қарапайым аудандық аурухананың дәрігерінен Денсаулық сақтау министрінің орынбасары қызметіне дейінгі аралықты шын абыроймен жүріп өткен кісі. Ол осы аралықта қажарлы еңбегінің арқасында талай маңызды істерді жүзеге асырды. Мына ғылым мен білімнің қара шаңырағы — медицина университетін талай жылдар басқарды. Өзім Айқан Ақанұлымен азғана уақыт таныс болсам да, ол кісінің көптеген ақыл-кеңестерін тыңдадым. Сонда ағамыз өзінің ғылыми жоспарларымен бөліскен еді. Сондықтан да бұл біз үшін орны толмас ауыр қайғы. Енді ағамыздың көрмеген жақсылығы, жетпеген биіктері артында қалған перзенттеріне бұйырсын», — деді А. Қырықбаев.
Бұдан кейін, мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы Бақытжан Жұмағұлов және ҚР ҰҒА академигі Төрегелді Шарманов сөз сөйлеп, марқұмның отбасына көңіл айтты.
Осыдан кейін, театрдың іші тым ысып кетуіне байланысты қаралы жиынды жабуға тура келді.
Айқан Ақанов Алматы іргесіндегі Кеңсай-2 зиратына жерленді.
Бүгін күндіз сағат 13:00-де «Ритц-Палас» кешенінде келушілерге ас беріледі.
Сонымен қатар, осы уақытта С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде де 200 студентке ас беріледі.