Бұл шараны еліміздің денсаулық сақтау министрлігі қолға алды, деп хабарлайды Caravan.kz сайтының тілшісі.
Айлық барысында Қазақстанның барлық өңірлеріндегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында ашық есік күндері ұйымдастырылып, азаматтарға психологтар, бейінді мамандар мен әлеуметтік қызметкерлер кеңес береді. Сонымен қатар, халық көп жиналатын орындарда «Денсаулық жарнамасы» атты флэш-моб шаралары; балалардың бойына сенім ұялату арқылы оларды тәрбиелеу туралы ата-аналармен әңгімелесу; балалардың бойында девиантты мінез-құлыққа жол бермеу мақсатында ата-ана мен балалардың өзара қатынасына қолайлы жағдай жасау, өзін-өзі қорғау әдетін қалыптастыру мен дамыту шаралары жүзеге асырылады.
Есірткі пайдаланудың алдын алу және олардың заңсыз айналамына қарсы күрес – республикада мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.
Психоактивті заттардың денсаулыққа тигізетін орасан зияны туралы халықты ақпараттандыру деңгейін арттыру бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар және жастар мен жасөсіпірімдерге қолайлы психологиялық және әлеуметтік жағдайлар жасауға қоғам назарын аудару денсаулыққа деген жауапты көзқарасты, сондай-ақ, психоактивті заттарды тұтынудан бас тарту машықтарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Бас прокуратураның мәліметтеріне қарағанда Қазақстандағы нашақорлар саны 50 мың адамның төңірегінде екен. Алайда бұл сандардың толық еместігін прокуратураның өзі мойындап отыр, өйткені кем дегенде әрбір үшінші нашақор есепке тұрудан қашады. Ал 2001 жылы Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі нашақорлар саны 250 мың адамнан артық екенін жариялаған.
Естеріңізге сала кетейік, 1987 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен Халықаралық нашақорлықпен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күні 26 маусым күні атап өтіледі.