Қытай құрамасымен жолдастық кездесуде ауыр жарақат алған "Атырау" футбол клубы мен Қазақстанның футболдан жартылай қорғаушысы Ұлан Қонысбаев жақын арада Италияға емделуге барады, — деп хабарлайды Vesti.kz Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапановқа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қазір футболшы Қытайдағы Далян қаласында. "Ұланмен қазір ғана сөйлестім. Денсаулығы жақсарғанын айтты. Дәрігерлердің айтуынша, Қонысбаев тез сауығып жатыр", — деп жазды Қожағапанов өзінің Facebook парақшасында.
Қазақстан футбол федерациясы басшысының айтуынша, Қонысбаев жақын арада Италияға барады. Онда Қазақстан футбол федерациясы қауымдастығы растаған Villa Stuart Sports Clinic клиникасында ем алады (Рим қаласы). Айта кетейік, жарақат алған футболшыны танымал маман Аттилио Сантуччи емдейді.
"Барлық шығынды, ұшып барудың жолын және емінің ақшасын Қазақстан футбол федерациясы өз мойнына алды. Ұлан Қонысбаев жақын арада жазылып кетеді деп сенемін. Біз бұл үшін бар күшімізді саламыз", — деді Қожағапанов.
Еске салайық, футболшы Ұлан Қонысбаев Қытаймен өткен матчта аяғын сындырып алған болатын. Оқиға бірінші таймның соңында болды. Қонысбаев әуелеп келе жатқан допқа таласта жерге қате түсіп, оң аяғын сындырып алды. Спорт порталының мәліметінше, Қонысбаев енді маусымның соңына дейін ойнай алмауы мүмкін.