Мұнайлы өңірді аралап өтетін алаугерлердің алғашқы тобы шеруді қазір Атырау мұнай және газ университетінен бастайды. Одан кейін Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрындағы сахналық қойылымдардан соң Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде эстафетаны қорытындылайды, деп хабарлады 24.кз.
12 шақырымдық эстафетаны алып жүруге Атыраулық 60 алаугер де дайын. Бірер минуттан соң алғашқы лек қозғалады. Облыстан іріктеліп алынған 60 алаугер де еліміздің намысын қорғап жүрген, келешегінен зор үміт күттіретін даңқты жас спортшылар және олимпиада чемпиондары мен спорт саласының ардагерлері. Өңірде қысқы спорт түрлері аса дамымағандықтан универсиадаға 3 ақ спортшы қатысып жатқандығын қынжыла айтамыз, бірақ сала мамандары бұл кемшілікті келесі жарысқа дейін түзетеміз деп уәде беріп отыр. Ал Атырау алауы бүгін кешке Алматыға жол тартады.