«Қазақфильм» киностудиясында «Ең сұлу қыз» атты көркем фильмнің түсірілім алдындағы жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, бұл режиссер Қанағат Мұстафиннің «16 қыз» комедиялық фильмінің жалғасы болмақ. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Kanaidarproduction» және «Шешенфильм» студиясы түсіреді. Фильм достарының арасында әлі отбасын құрмаған Самат жайында болмақ. Досы Бауыржан оған қалыңдық тауып, үйлендірмек болып, екеуі қалыңдық іздеп үлкен қалаға келеді. Бұл сапарда олар түрлі оқиғаларға тап болады. Екеуі ойда-жоқта халықаралық қылмыскерлер деп танылып, полицейлер мен бандиттердің қуғынына ұшырайды. Қазіргі таңда түсірілім тобы дайындық кезеңінде. Түсірілім тобы реквизиттер дайындап, костюмдер мен локация таңдау үстінде. Сондай-ақ жуық қосалқы рөлдерге кастинг жарияланатын болады. «Түсірілім тобы бірінші фильмде жұмыс істеген мамандардан құралған. Олар режиссерді жақсы түсінеді.
Естеріңізде болар, «16 қызда» бірінші планда Берік Айтжанов жүргізген волга ГАЗ-21 көлігі болатын, бұл жолы Мин дәуірінің антикварлық құмырасы болмақ. Бұл фильмде көрермендерді сапалы әзілдер мен қызықты оқиғалармен байытуға тырыстық», дейді фильмнің продюсері Айдархан Әділбаев.