Ғаламдық жаһандану — шет тілін үйренуге итермелеп, заман талабына айналды. Қазақстанда ағылшын, неміс, қытай, түрік тəрізді шет тілдер үйретіліп, түрлі курстар, дайындау орталықтарыашылып, дамып жатыр. Өз тілімізге келер болсақ, кейінгі он жылдың ішінде қазақ тіліне деген қызығушылық артып, көптеген оқыту орталықтары, түрлі курстар ашылып, тіпті,бірқатар мемлекеттің университеттерінде шет тіл ретінде оқытылып жатыр. Нақты айтатын болсақ, қазақ тілі көршілес Қытай Халық Республикасы мен Түркиядан басқа, Германияда, Польшада, Швецияда, Венгрияда, Оңтүстік Кореяда, сонымен қатар Америка Құрама Штаттарында Орта Азия немесе Түркітану бөлімдерінде оқытылады. Оның басты мақсаты – студенттерді қазақ тілі, мəдениеті, тарихы, салт-дəстүрлері мен рухани құндылықтарымен таныстыру жəне оларға жан-жақты білім беру. Осылайша жан-жақты білім алып, қазақ тілін үйреніп жүрген студенттерге болашақта халықаралық деңгейде мансабы жоғарлауға орасан мүмкіншіліктерге жол ашылады.
Кез-келген жаңа қабілетті үйрену әркімнің қабілетіне, мінезіне, қасиеттіріне байланысты. Бір адамдар тілді тез үйренеді, бір адамдар өте ұзақ еңбек пен уақыт арқылы игеріп шығады.
Тілді үйренуге мынадай факторлар әсер етеді:
1) Тілдік орта
2) Тілді үйренудегі мақсат
3) Адамның тұлғалық таланттары мен қасиеттері
4) Лайықты оқыту методикасы
5) Нәтиже көрсеткен ұстаз немесе үйретуші.
Осы орайды, тілдік орта болмаған жағдайда тілді қалай үйретуге болады деген заңды сұрақ туындайды. Ең алдымен, тілді сөйлеуші мен тыңдаушының өзара түсінісуге арналған қарым-қатынас құралы ретінде қарастырғанымыз жөн. Тіл тірі құбылыс, тірі жүйе. Оны қолданысқа енгізіп, қозғалысқа келтірмесе, тот басқан механизмдей істен шығып қалады. Яғни, практикалық жолмен әр қашан қолданып отыру қажет.
Екіншіден, үйренушілердің ынтасы мен уəждемесі орасан рөл атқарып, тіл үйрету үрдісін жеңілдете əрі жеделдете түсетіні бəрімізге белгілі. Тілді үйренудегі мақсат өте үлкен күшке ие. Мақсатың неғұрлым сені ынталандырып, жігер, күш, қайрат беретін болса, соғұрлым нәтижеге жету мүмкіндігі артады. Үшіншіден үйренушінің үйрену дағдысы жоғары деңгейде болса, үйренуге деген талпынысы, таланты болса нәтижеге тез жетеді.
Төртіншіден, оқыту үрдісінің қаншалықты жүйелі жəне мазмұнды ұйымдастырылғандығын назарда ұстау қажет.Себебі, жүйелі оқыту, уникалды әдістеме сізді дұрыс даңғылға салып, барар жеріңізге жеткізеді.
Бесіншіден, тіл үйренуші мен үйретушінің үйлесіп жұмыс жасауы, жетістігі бар немесе сен қалаған нәтижесі бар ұстазыңның жетістігін, жүрген жолын қайталау. Осы орайда, ұстазы жақсының ұстамы жақсы деген мәтел ойға келеді. Яғни, үйретуші ұстазды дұрыс таңдау да өте маңызды.
Қосымша фактор ретінде оқытушы шығармашылық өнерімен үйренушіні қазақ тіліне баурап, үйренушінің лингвомəдени құзыретін қалыптастыруға, яғни, лингвомəдени білімін толықтыруға өз үлесін қосуы абзал. Себебі тілде сол халықтың діні, ділі, мәдениеті, дәстүрі, танымы, тарихы кодталып, сақталған. Сол байлықты тіл арқылы үйретуге, сол тілге деген қызығушылық пен құрметті арттыруға үлкен мүмкіндік болады.
Қазақ тілін орыс тілді аудиторияға үйретуде коммуникативті əдісті қолдана отырып, қатысымдық тапсырмаларды пайдаланамыз. Осы тапсырмалар кешенін жағдаяттық тапсырмалар, жұптық жəне топтық жұмыстар, рөлдік ойындар, пікірталас пен шығармашылық жұмыстар құрайды. Аутентикалық жағдаяттық тапсырмалар үйренушілердің талаптарына, тілдік білім деңгейіне байланысты мақсатты түрде құрастырылып, мəнмəтінге сай берілуі қажет. Ал жұптық жəне топтық жұмыс жасау барысы үйренушіге қазақ тілінде өз ойын жеткізіп, біреудің айтқанын түсіне алатын дəрежеге жету мүмкіншілігін арттырады да, тіл үйрену үрдісінің қызықты өтеуіне себепкер бола алады.
Сабақта берілетін коммуникативті тапсырмаларды орындау барысында үйренуші тілдің құрылысымен танысып, жағдаятқа байланысты оның қолданысы мен ішкі мағынасын түсінуге талпынады. Осылайша ол тілдің өзіндік ерекшеліктерін ажырата бастайды. Әр сабақ сайын практикамен пысықтап отыру, үйренушіні сөйлеуге итермелеу аз уақытта өз нәтижесін береді. Оқытушының міндеті – үйренушілерді берілген тақырыпқа байланысты көбірек ақпарат алуға сұрақтар қоюға, басқалардың айтқан ойлары дұрыс екендігін құптауға, сондай-ақ талқылап жатқан жағдаятқа баға беруге талпындырып, тілдік əрекеттің мағынасын түсінуге қол ұшын беру. Сонымен қатар вербалды жəне нонвербалды амалдар арқылы үйренушіге қолдау көрсету. Тілдің коммуникативті функциясын грамматикалық форма мен сөздер жиынтығы арқылы емес, керісінше, іс-қимыл арқылы оңай үйретуге болады. Берілген жағдаяттар, берілетін тапсырмалар мен сабақта қолданылатын материалдар мəнді жəне шынайы өмірге жанасатын болса, тілді үйренуге тиімдірек болады.
Жеке тәжірибемде грамматика мен практиканы қатар алып, практикаға көп көңіл бөлу өз нәтижесін бермей қоймайтынын байқадым. Жоғарыда айтқандай, тілдік бірліктерді қозғалысқа келтіргенде ол тіріліп, айтылысқа айналады. Практикалық тапсырма көп болған сайын, мидағы нейрондарда тіл өз ізін қалдырды. Ол әртүрлі жағдайларда тез еске түсіруге көмектеседі. Міне, осындай коммуникативті тапсырмалар тіл үйренушінің өз ойын жүйелеуге, еркін сөйлеуге, сондай-ақ қазақ тілін тереңдетіп оқуға үлкен үлес қосады.
Жанатаев Данат Жанатайұлы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.
Абдуразакова Ұлжалғас Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранты.