Бас қосуға Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Виктор Калюжный, ҚР СІМ-нің орынбасары Нұрлан Оңжанов, ЮНЕСКО-ның мәдени жәдігерлер департаменті директорының орынбасары Лоран Леви-Стросс тәрізді өкілдер қатысты.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Есен Күмісқалидың хабарлауынша, халықаралық конференцияға қатысушыларға Ресей президенті Владимир Путин, Әзербайжан президенті Гейдар Алиев тәрізді тұлғалар құттықтау хат жолдады.
В.Калюжный өз сөзінде былай деді : «Саяси және экономикалық дамуда Қазақстан Ресей үшін әрқашан маңызды роль атқарып келгені мәлім. Ал «Ұлы Волга жолы» жобасы Ресей мен Қазақстанның осы жолдағы ынтымақ-бірлігінің нышаны».
Осы орайда ол Ресей мен Қазақстан үшін құқықтық тұрғыда қорғалған Каспийдің солтүстік бөлігі инвестициялар мен өзара белсенді ынтымақтастық шаралы үшін ашық екенін атап көрсетті. «Біз Қазақстан мен Ресейдің осы бағытта басқаларға тәжірибелік үлгі көрсете отырып алда келе жатқанын мақтан тұтуға тиіспіз»,- деп қорытты өз сөзін В.Калюжный.
Оның айтуынша, «Ұлы Волга жолы» шарасы Волганы бойлай орналасқан барлық 90 қала Каспий өңіріндегі тауқыметтерді бірдей тартып отырғанына Каспий төңірегіндегі мемлекеттердің ( соның ішінде Қазақстан да бар) көзін жеткізуі тиіс. «Бұл жоба арқылы біз Каспий мәселесі тек теңізді қоршай орналасқан мемлекеттердің ғана емес, бүкілхалықтық проблема екенін паш еткіміз келеді»,- деді В.Калюжный.
Иран сыртқы істер министрінің кеңесшісі Моджтаба Амири Вахидтің хабарлауынша, Ұлы Волга жолында тағдыр қосқан халықтардың тарихи-мәдени мұраларын сақтап қалу, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, аймақтар мен елдер арасындағы жан-жақты байланыстар ауқымын кеңейту туралы декларацияға 9-тамызда Тегеранда қол қойылған. Тегеран конференциясына қатысушылар Ұлы Волга жолы қалаларының Халықаралық Қауымдастығын құру жөнінде шешім қабылдапты.
Ал Н.Оңжанов Астрахань, Махачкала, Дербент, Баку, Ақтау, Энзели, Тегеран қалаларының пайда болып дамуында Ұлы Волга жолының атқарған тарихи ролін жоғары бағалады. Ол сондай-ақ, Ұлы Волга жолының өзара сенімді әріптестік құру, ішкі нарықты нығайту, аймақаралық және халықаралық кооперацияны дамытудағы маңызына тоқтала отырып, Каспий бағытындағы геосаяси және сауда-экономикалық болашақ даму аспектілеріне баса назар аударды.
«Ұлы Волга жолы» халықаралық жобасы Қазан қаласының 1000 жылдық мерейтойын атап өтуге даярлық жөніндегі РФ үкіметінің бұйрығымен бетітілген мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылады.
Жоба Ұлы Волга сауда жолының даму тарихына арналып, осы жолдағы қалалар мен аймақтардың әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және этно-мәдени тауқыметтерін шешу жолдарын қарастыруды көздейді. Форумның міндеті — мәдениеттер мен өркениттер арасындағы көпір іспетті Ұлы Волга жолын қайтадан жаңғырту және дамыту шараларын нақты жобалау болып табылады.
Ақтауда Астрахань — Махачкала — Дербент — Баку — Энзели — Тегеран — Ақтау бағытындағы бағдарламаның үшінші кезеңі жүзеге асырылды. Бұл бағыттағы барлық қалалардың әкімдері өзара әріптестік байланыстарды нығайту туралы келісімге қол қойды. Конференцияның 4-кезеңі 2004-жылы Санкт-Петербург, Ярославль, Кострома, Нижний Новгород, Казань қалаларында өтеді.
Ал 2005-жылы Ұлы Волга жолы қалаларының Халықаралық Қауымдастығын құру жөніндегі конференция өтеді. Оған аймақ әкімшіліктері, муниципалдық бірлестіктер, одақтар, қауымдастықтар мен басқа да коммерциялық емес ұйымдар, ғылыми-зерттеу және оқыту мекемелері, қоғам, ғылым, білім беру және мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлік құрылымдар қамтылмақшы.