Н.Назарбаев бүгін Біртұтас экономикалық кеңістік құру жөніндегі жоғары дәрежелі топтың аса маңызды ақырғы кездесуі өткенін атап өтті. Президент бүгінге дейін басты құжаттарды дайындауға бағытталған ауқымды жұмыстардың тындырылғанын баса айтты. Атап айтсақ, мемлекет басшылары Ялтада қол қоятын Біртұтас Экономикалық Кеңістікті құру жөніндегі келісімнің жобасы, Біртұтас Экономикалық Кеңістіктің тұжырымдамасы мен оны құру шараларының кешені тәрізді аса маңызды үш құжат әзір болды,- деді Елбасы.
Мемлекет басшысының айтуынша, Біртұтас Экономикалық Кеңістікті құру «үлкен ілгерілеушілік, үлкен табыс, әрі ортақ кеңістікте нақты интеграциялық бірлестік құруға бағышталған айрықша маңызды тағы бір талпыныс» болмақ. Ең бастысы , барлық мемлекеттердің мүддесіне сай тәуелсіз әрі дербес шешім қабылдайтын сауда және тариф жөніндегі комиссия жұмыс істейтін болды,- деді президент. Осы орайда Елбасы көптеген тауқыметтердің шешілмеуінен төрт аяғын тең баса алмай «сүрініп» отырған ТМД-ны еске салды.
РФ үкімет басшысының орынбасары Виктор Христенконың айтуынша, Біртұтас Экономикалық Кеңістік аясында бірінші кезекте ортақ мүдделерді ескеру керек. «Егер қандай да бір шешім экономикалық нұқсан келтіріп жатса, ондай жағдайда төрт мемлекеттің мүдде тепе-теңдігін сақтауға бағытталған компенсациялық тетік алдын-ала қарастырылады»,- деді ол.
Ал өз кезегінде Беларусь үкімет басшысының орынбасары әрі экономика министрі Андрей Кобяков «өзара ортақ мүдделерді ескере отырып шешім қабылдауға мүмкіндік беретін біртұтас қатаң құрылым дүниеге келеді деп сенемін»,- деді.
Жоғары дәрежелі топтың 7-отырысы одан әрі жалғасуда.