«Instagram мәңгі емес»: Танымал блогер ішкен-жегенін желіге салатындарды сынап, психолог-коучтардың сабағына бармауға кеңес берді - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+18 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Instagram мәңгі емес»: Танымал блогер ішкен-жегенін желіге салатындарды сынап, психолог-коучтардың сабағына бармауға кеңес берді

«Instagram мәңгі емес»: Танымал блогер ішкен-жегенін желіге салатындарды сынап, психолог-коучтардың сабағына бармауға кеңес берді

Танымал блогер, желіде ауыл өмірін қаз-қалпында көрсететін Мейрамгүл Төлегенова блогерліктің қыр-сыры жайлы айтып, танымал коучтардың сабағына бармауға кеңес берді.

  • 7 Сәуiр 2023
  • 262
Фото - Caravan.kz

Сонымен бірге ата-ене, қайын жұрты жайлы сыр шерткен ол, жас отбасыларға адамды сол қалпында қабылдап үйреніп, ажыраспауға кеңес берді, деп хабарлайды Caravan.kz. 

— Мейрамгүл, блогерлердің ішіндегі ең қарапайымы өзіңіз деп айтсақ, қателеспеспіз… Жалпы осы болмысыңыздан айырылмаңыз, деп көпшілік айтып жатады. Бірақ бәлкім алдағы уақытта "мен" деген блогерлердің қатарына қосылып, оқырмандар саны бұрынғыдан да артып жатса, осы қарапайым болмасыңызда қаласыз ба? Бәлкім өзгерерсіз?

Қарапайымдығымның арқасында танымал болдым ғой. Көшеде танитын оқырмандарым көріп қалса, кейбірі амандасып, кейбіреулер сыртымнан фотоға, видеоға түсіріп алып жіберіп жатады. Қарапайым екенсіз ғой деп күледі. Енді ше? Бұрын 3000 оқырманым болған кезде танымалдылығымды сезгенмін, қазір 72 мыңға жуық оқырманым болса да сол баяғы қалпым. Өзгерсем, қазір өзгермеймін бе? “Мен” деген блогерлермен де сәлемім түзу.

— Осы шынайылығыңыз, бетке айтатын мінезіңіздің арқасында жергілікті әкімдікті де талай мәрте қыспаққа алып жататыныңызды көреміз. Жалпы қаншалықты осы блогерліктің арқасында түйткілді бір мәселелерді шешіп көрдіңіз?

“Тым қатты шынайы болма! Әкімдерге көп тиісіп сөйлеме. Бір күні қастандық жасап жүрер”,-деп енем ескертіп отырады. Карантин кезде ауылда интернет жоқ деп, қаншама телевидение шақырдым. Облыс әкімінен де жауап алдым. Қазір билайн жақсы ұстап тұр. Мектептің мәселесін қозғап жүрмін қазір. Алдағы жылдарда мектеп салынады деп уәде етіп отыр аудан білім басқармасы. Ауылдың азын шоғын мәселелерін көтеріп, нәтижесін де көріп отырмыз. Облыстық ауруханаға баламен жатқан кезде де көзіммен көрген келеңсіздіктерді байқап қалып, парақшама салып, келесі күні барлығын түзеткен жағдайлар болып тұрды.

— Стористарыңыздан ата-енеңізді, қайын апаларыңызды жиі көріп тұрамыз. Жалпы ененің, қайын жұрттың тілін қалай таптыңыз? Жас келіндерге айтар кеңесіңіз бар шығар? Бір жазбаңызда тіпті жастықпен үйге көп кетіп қалатынмын дегеніңіз есімізде… Осы қиындықтардың бәрін қалай жеңдіңіз?

Иә, төркіннен гөрі, қайын жұрт жағымды көбі сырттарынан көріп танып жатады. Автобуста болса да, ауруханаға қаралуға барса да дәрігер, мед бикелер “Сіз Төлегенова Мейрамгүлдің енесісіз ғой? Инстаграмнан көреміз” деп амандасып жатады дейді. Қайын жұртпен тіл табысып кету әсте-әсте ғой. Күшті болып кеттім деп айта алмаймын бәрімен. Бес саусақ бірдей емес. Сол сияқты қайын апалар да бәрі бірдей емес. Дегенмен, қазір бет жұлысып ұрыспай-ақ, қандай бар, солай қабылдауды үйрендім. Ол кісілер де менің бұртиып жүретініме үйренген. Шама келсе көңілдерін қалдырмауға тырысып жүремін. Жас келіндерге айтар кеңесім, адам қандай бар, солай қабылдап үйрену керек.

Жас күнімде 9 жыл ата-енемен тұрған кезде жиі кетіп қалып жүргенім рас. Тұрмысқа шыққаннан кейін екі жылдан кейін, аяқ астынан анам қайтыс болды. Сол кезден бастап менде депрессия басталды. Жас босанған кезім. Ешкімнің сөзін көтере алмаймын. Бір күні төркінге алып бармадың деп жолдасыма қатты шу көтеріп, жолдасымның да алғаш рет ашуына тиіп, жаман сөз естіп, бөпемді көтеріп үйге кетіп қалдым. Жақын әжеме бәрін айтып, бірге алып келіп, киімдерімді алып кеттім. Сол кезде енем “Егер қайтадан ашуы басылғасын келсе, бұл әдетке айналады. Ренжіген сайын кетіп қалғысы келіп тұрады” деген. Айтқаны дәл келді. Ренжимін, пакетімді арқалап кетіп қаламын. Алып келеді… Бірақ тағы сол… Әдетке айналды әбден. Ата-енем 2017 де қалаға бөлек шыққаннан кейін, намысқа тырысып, қанша ренжіссек те, “қол сынса, жең ішінде” болып, кетпеуге тырысып жүрдім. Оның үстіне 4-5 бала, ешкімге оңай емес. Жолдасым ашуланса, үндемей қаламын. Ашуы басылған соң айтатынымды айтып айтып жеңілдеп қаламын. Айқай, төбелеспен балаларды жасқандырғаннан басқа ештеңе таба алмайтынымды түсіндім. Балаларым ондай кезде үйден безгісі келіп тұрады. Мен ол сәтті жақсы түсінемін. Ең бақытсыз кезеңің сияқты болатын. Бала кезімде анам әкеміз қайтқаннан кейін, 13 жылдан тұрмысқа шыққан болатын. Сонда екінші әкем ішімдік ішіп келгенде ұрыс, реніш жиі болатын. Сол кезде басқа отбасыға қызығып отыратынмын.

— Қазір осы блогерлерге қатысты қоғамның пікірі екі түрлі, пікірі халықтың жанашырлары деп жақтап жатады, бірі "құтырып кетті, тек ақша көздейтіндері" дегенді де естідік… Осы пікірлермен келісесіз бе?

Бес саусақ бірдей емес. Сол сияқты блогерлер де бірдей емес. Қарапайым ауылдың тірлігін салып, халықтың ықыласына бөленіп жүрген, аз болса да жас блогер келіндер бар. Бірақ, расымен де қарапайымдықтан бастап, киген, ішкен жеген, сыйлық жасап, сыйлық алған дүниелерді жиі салып, инстаграмды мақтаныш алаңына айналдырып жібергендер де бар. Халыққа пайдасын тигізе отырып, ақша тауып жүргендер де бар. Барлығы мәңгілік емес. Инстаграм да мәңгі емес, қолда бар да қонышынан басып қалу керек деген де дұрыс болар. Қолынан келгендер ақша тауып жатыр. Мен сияқты қолынан келмегендер қара жұмыс жасап, еңбек етіп жатыр. Ең бастысы халыққа зиян тимейтін дүниелер болса болды ғой?

— Бүгінде жас отбасыларда ажырасу да көп… Не себепті? Бұрын адамдарда ештеңе болмаса да бақытты еді… Қазір жасы да, кәрісі де күйзелісте жүреді… Неге?

Себептері әр түрлі ғой. 20-30 жыл отасып келіп, ажырасып жатқан үлкен кісілер де бар қазір. Төзімсіздік деп ойлаймын. Бұрын аналарымыз күйеулері қан жоса етіп сабаса да, көніп, соңында балалары өсіп, жеңіп жатады бар қиындықты. Қазір ақылшы көп, содан да болар. Мен ешкімнен кем емеспін! Мен неге ұрыс естіп отыруым керек! Мен де тұлғамын деп, оқығандарын алға тартып жатады. Ол психологтар орнына басқа отбасын әкеліп бермейді ғой. Ең бастысы бала ата-анасыз өспеуі керек.

— Не көп танымал психолог, коуч, курстар көп… Өзіңіз осындай курстарға сенесіз бе? Жалпы мұндайға көзқарасыңыз қандай?

Қазір ешқайсысы шынымен халыққа жаны ашып, көздерін ашайын деп, коуч, психолог болып жатқан жоқ. Барлығының да көздегені ақша. Бұрынғы аналарымыз психологсыз да шаруасын дөңгелетіп, бесігін тербетіп, ағайынның көңілін тауып отырған. Ол кездің психологы ене. Мен блогерлікті енді бастап жүргенде 2017-де бір психологтың тренингіне барғанмын. Ұйықтап, ұйқымды қандырып келдім ғой. Миыма ештеңе қонбады. Ақша шақырудың түрлі техникаларын айтқанда тіптен ұйқым келіп, кетіп қалдым. Ешқайсысы жанынан, жүрегінен шығармайды ақылды. Бір жерден оқығанды, көргенді екінші жерге айтады, болды!

— Сіздің отбасыңызға қарасақ, қарапайым блогерсіз, басқа блогерлер сияқты асып-тасып жатқан дүниеңіз жоқ, бірақ ерекше жылулық бар. Мұның сыры неде?

Оныңыз рас. Блогерлігіңізді пайдаланып, неге бірдеңе ашып алмайсыз? Неге курстар жүргізбейсіз ? деп сұрап жатады. Мен осы күніме де шүкір айтамын. Жатпай тұрмай анда мында барып, ақшаның соңында жүргім келмейді. Және қолымнан да келмейді ондай. Менде шынайылық басымырақ. Мақтанып дүниеміз жоқ, қарапайым отбасымыз. Сол бір үй, сол ақ жигули . Есесіне Алланың берген бағы бар. Осыммен де халыққа сүйкімді болып жүрмін. Балаларыма сүйсініп, барлығы шынайы деп тілектерін айтып жатады.

— Жолдасыңызбен жылы қарым-қатынастың да сырын айта кетсеңіз?

Жолдасыма көз тимесін. Ол кісі де оқырмандарымның жүрегінен орын алып жүр. Өте қарапайым, өз жасынан көбірек жас көрінеді деп сүйсініп жатады. Көшеде Тука ағай деп танып жатады. Бірақ ұялшақ жолдасым. Қазір «Тука» болып танылып жүр, негізі Қазбек есімі. Өзі қалжыңға бір табан жақын. Көрші көлем барлығының дауыстарын, қылықтарын салып отырады үйде. Екеуміз үйде қалжыңдасқанда қатты кетіп қалатын кезіміз болады. Үлкен қызым түсінбей қарап қалады бізге. Отбасы болғасын, оның үстіне екеуміз бір жұмыста болғасын ренжісіп қалатын кездеріміз болады. Ондай кезде мен үндемей қаламын да, бұртиып сөйлеспей қаламын. Жолдасымның ашуы тез тарайды, менікі қиындау. Дегенмен, бір автобуста жүрген соң, қалай қайта сөйлесіп кеткенімді білмей қалатын кездерім көп.

— Әңгімеңізге рахмет!