Сапар барысында министрдің орынбасары емдеу-профилактикалық мекемелердің дәрігерлерімен жүздесіп, бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері туралы таныстырады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы екі кезеңмен жүзеге асырылады. 2005-2007-жылдар аралығындағы бірінші кезеңде саладағы кезек күттірмес мақсаттарды шешу көзделіп отыр. Атап айтсақ, дәрігерлік көмек-жәрдемді ұйымдастыру, сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру және басқару жұмыстарын ретке келтіру, дәрігерлік жәрдемді сатылы түрде көрсетуді қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласының, бірінші кезекте, жедел жәрдем саласының материалдық-техникалық базасын нығайту, дәрігерлік қызмет сапасын бақылау жүйесін құру, жаңаша ақпараттық жүйе қалыптастыру, саланы ұзақ мерзімді дамыту негіздерін қалау межеленген.
2008-2010-жылдарда жүзеге асыру жоспарланған екінші кезеңде алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем беру жүйесін қайта құру, жедел жәрдем мен кезек күттірмес көмек көрсету жүйелерін оңтайландыру, стационарлық қызметтің құрылымы мен желісін жетілдіру, халыққа сапалы дәрігерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, денсаулық сақтау жүйесін жаңарту, маман дайындау, озық технологияларды қолданысқа енгізу, менеджментті дамытуға негіз қалау, сапаны бақылау жүйесі мен біртұтас ақпараттық жүйе қалыптастыру жұмыстарын аяқтау көзделген.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нұржан Шомбаловтың айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру арқылы «мемлекет денсаулық сақтау саласының ұтымды үлгісін құрады, нәтижесінде ол халықтың көңілінен шығуы тиіс».
Оның мәліметіне сүйенсек, бағдарламаны жүзеге асыруға 109,7 млрд. теңге бөлу межеленген. Оның 33 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, қалған шығындарды жергілікті бюджет өз мойнына алады.
Бүгін, 30-маусымда сондай-ақ, министрдің орынбасары учаскелік дәрігерлермен кездесіп, отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың жұмыс принциптерімен танысады.