Д.Назарбаеваның айтуынша, өзі басқаратын «Асар» партиясының саяси бәсекелестерінің түрлі алыпқашпа әңгімелеріне арқау болмау үшін агенттік акционерлеріне осындай өтінішті өзі қойған. «Менің екі лауазымды қатар алып жүруім қаншалықты заңды дегенді анықтау үшін біз заңгерлермен арнайы кеңес өткіздік. Осы тұрғыда қандайбір қайшылық таппасақ та, өз басым осындай шешім қабылдадым»,- деді «Асар» партиясының төрайымы.
Д.Назарбаеваның айтуынша, алдағы мәжіліс сайлауы Қазақстанның қазіргі заманғы тарихындағы ең бір қызу сайлау болайын деп тұр. Алдын-ала жорамал бойынша, бір орынға кем дегенде 10 адам таласатын сыңайлы. Осыған байланысты саяси партиялар «қарсыластарға жалған жала жабу, өтірік қаралау технологиясын» пайдаланбай қалмайтыны анық. Әйтсе де, Д.Назарбаева «Асар» партиясы күрестің мұндай қитұрқы тәсілін қолданбайды деп сендірді. Өйткені, ол — «өз күшіне сенбейтін, әлсіздер қолданатын амал»,- деді Д.Назарбаева.
Қазіргі жағдаймен «Асар» республикалық партиясына мүшелікке өткендердің қатары 200 мың адамнан асты.