Сапар барысында А.Шпекбаев Хромтау ауданында болып, аудандық ІІБ-ның қызметкерлері құрамымен танысты. Кездесу барысында Хромтау аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Жәдігер Аймаханов вице-министрді аудандағы қылмыстық ахуал туралы және оны тұрақтандыру бағытындағы шаралар туралы хабардар етті.
Ж.Аймахановтың айтуынша, бұл проблеманы шешудің бір жолы аудандық ішкі істер бөлімдерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету болмақ. Мәселен, Хромтаулық тәртіп сақшыларына арнап көлік, байланыс құралдары, кеңсе техникасы, пәтерлер мен киім-кешек сатып алуға биыл облыстық бюджеттен 20 млн. теңге бөлінді. «Жергілікті билік тарапынан назар аудару және еңбек етуге қолайлы жағдайлар жасалудың арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізілді»,- дейді Ж.Аймаханов.
Биылы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Хромтау аудандық ішкі істер бөлімі Ақтөбе облысының аудандары арасында жалпы қылмыстық істердің ашылу дерегі бойынша ең жоғары көрсеткіш — 80 процентке қол жеткізді.
Бүгін, 31-тамызда вице-министр Ақтөбе облыстық ІІБ-ның құрамымен кездесті. А.Шпекбаевтың айтуынша, «жұмыс барысында ішкі істер министрінің талаптарын орындап, жалпы ІІМ органдарының басты жұмыс бағыттары туралы естен шығармаған абзал». «Соның ішінде қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жасалған қылмыстарды толыққанды тіркеуге баса назар аудару қажет».