Ж.Ұмбаеваның айтуынша, әйел Петропавл темір жол бекетінің перронында ұсталған. Тексеру кезінде оның жүктері арасынан бензол мен фенобарбитал таблеткалары шыққан. Ж.Ұмбаеваның айтуынша, психотроптық заттар қатарына жататын фенобарбитал өз қасиеттеріне қарай есірткіге теңестірілген. Ұсталған әйелден осы таблетканың 6,4 мың бумасы алынды. Салмағы 4 килоға жуық дәрілер 230 мың теңгеге бағаланады. Бұл дерек бойынша тергеу басталды.
Сонымен бірге «Қызылжар» кеден бекетінде «Опель-Омега» автокөлігі ұсталды. Бұл көліктің жанармай құятын құтысынан иісшіл иттің көмегімен кеденшілер пластик бөтелкеге салынған 4 кило гашиш пен 16 кило марихуана тапты. Тұтқынның айтуынша, ол есірткіні тұтыну үшін Қарағандыда сатып алып, Ресейдің Ханты-Мансийск қаласына өзімен бірге алып шыққан. Мамандардың бағалауынша, осынау есірткі партиясы «қара базарда» 100 мың доллар тұрады. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ж.Ұмбаеваның айтуынша, бұл — Солтүстік Қазақстандық кеденшілердің биылғы жылы тосқауыл қойған алғашқы есірткі тасымалдау оқиғасы. 2004-жылы ІІБ, қаржы полициясы мен ҰҚКД-нің қызметкерлерімен бірге кеденшілер осындай 18 деректің алдын алды. Тәркілеп алынған есірткінің жалпы салмағы 76 килоны құрайды.