Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске, Жер кодексі мен «Инвестиция туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Атап айтсақ, «Инвестиция туралы» заңнан инвесторларға берілетін преференциялар мерзімін 5 жылға дейін шектейтін норманы алып тастау ұсынылған. Өйткені қазір бұл мерзім Салық заңнамасында көрсетілген. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді импорттаған жағдайда инвесторларды кедендік баж салығын төлеуден босату шарттары туралы норманы алып тастау ұсынылған. Заң жобасын жасаушылардың пікірінше, бұл норма «әсіре төрешілдік сипатта».
Сонымен бірге «Инвестиция туралы» заңға инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына мониторинг жасау процедурасы мен инвесторлардың есеп беру тәртібін заңдастыратын норма енгізілмекші.
Заң жобасында мемлекеттік грант беру схемасын өзгерту ұсынылып отыр. Атап айтсақ, жерді уақытша ақысыз пайдалануға немесе инвестор өзінің инвестициялық міндеттемесін орындаған жағдайда жеке меншікке беру шартымен пайдалануға беру жолымен мемлекеттік грант беру ұсынылып отыр. Осыған байланысты заң жобасында Жер кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске нақтылау сипатындағы өзгеріс енгізу қарастырылған.
Заңды жобалаушылардың пайымдауынша, жалпы алғанда аталмыш заңды қабылдау өнеркәсіптің өңдеу саласы мен экономиканың басымдық берілген салаларына инвестиция тартуға ықпал жасайды.
Заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін кәсіби комитетке жолданды.