Forbes журналының мәлімдеуінше, тізімге енгендердің арасында Еуразия өнеркәсіптік қауымдастығының жетекшісі Александр Машкевич, «Қазақстан аллюминиі» компаниясы директорлары кеңесінің төрағасы Потох Шодиев пен трансұлттық «Қазхром» компаниясының президенті Алиджан Ибрагимовтер бар. Журнал сарапшыларының бағалауынша, олардың әрбіреуінің байлығы 1 млрд. долларды құрайды.
Forbes сарапшыларының түсініктемесіне сәйкес, Александр Машкевич, Потох Шодиев пен Алиджан Ибрагимов жалпы активі 5 млрд. долларды құрайтын Еуразия өнеркәсіптік тобын бірлесіп басқаратын әріптестер. Түсініктемеде атап көрсетілгеніндей, топ алюминий, хром және көмір өндіру және сату , құрылыс және банк саласында маманданған. Топ Оңтүстік Африка сынды шетелдік рыноктарға да шығады.
Forbes журналының мәліметі бойынша дүниежүзінде 691 миллиардер тұрады. Өткен бір жылда олардың саны 104 адамға артқан. Алпауыттардың жалпы байлығы 2,2 триллион долларға бағаланып отыр. Олар әлемнің 47 елінде тұрады. Алғаш рет 2004-жылы тізімге Украина, Польша және Исландия өкілдері енді.
Тізімде соңғы 11 жыл бойы Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс алдын бермей келеді. Оның байлығы 46,5 млрд. долларға тең. Berkshire Hathaway холдингтік компаниясының қожайыны Уоррен Баффет 44 млрд. доллармен екінші орында тұр. Ал «Миттал Стилл» компаниясының қожайыны, Үндістандық миллиардер Лакшми Миттал үшінші орында. Оның әл-ауқаты 2004-жылы бірден 18,8 млрд. долларға артып, 25 млрд. долларға жетті.