Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, өткен аптада ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов Алматыда аймақтық қаржылық орталық құру жобасының техника-экономикалық негіздемесін жасаушы «The Boston Consulting Group Inc.» (BCG) консалтингтік компаниясының сарапшыларымен кездескен. Кездесу қорытындысы бойынша аймақтық қаржылық орталықты Қазақстан мен халықаралық қаржы рыногының интеграциясы түрінде құруға шешім қабылданды.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес қаржы рыногы секторындағы ликвидтілікті қамтамасыз ету, заңнамалық базаны жетілдіру, экономикалық ынталандыру және бәсекелі салық ставкалары тәрізді бағыттарда үш жұмыс тобы құрылды. Жұмыс топтарының мүшелері қаржылық рынок және салық салу салаларындағы ағымдағы заңнамаларға енгізілетін өзгерістерге қатысты ұсыныстарды әзірлеуге тиіс.
Сарапшылардың пікірінше, аймақтық қаржылық орталық Қазақстандағы қаржы секторының дамуына тың серпін беру арқылы ақырғы нәтижесінде жалпы Орталық Азия аймағындағы қаржылық сектордың дамуына түрткі болумен бірге жаңаша инвестициялық мүмкіндіктер туғызып, рынокта жаңа қаржылық құралдар мен қызмет түрлерінің пайда болуына қосымша ынталандырады. Бұл жалпы алғанда Қазақстандағы экономикалық өсім қарқынына оң ықпалын тигізеді.