Елордасы әуежайында Ресей президентін Қазақстан үкімет басшысы Кәрім Мәсімов күтіп алды.
Кремль баспасөз қызметінің хабарлауынша, «9-15- мамырда Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстан Республикасына ресми сапары мен Түрікменстан Республикасына жұмыс сапары өтеді. Қазақстанға ресми сапары барысында Ресей мемлекет басшысы 9-10 мамырда Астанада, 12-15-мамырда Ақтауда болады».
Түрікменбаши қаласында Ресей-Қазақстан-Түрікменстан үш жақты жоғары деңгейдегі кездесуін өткізу межеленген.
Астанада Қазақстан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде екі елдің бұдан былайғы ынтымақтастық перспективаларының жан-жақты қырлары талқыланады, деп хабарлаған таяуда ҚР СІМ-нің ресми өкілі Ержан Ашықбаев. Оның айтуынша, ғарышты бірлесіп пайдалану, көлік, отын-энергетикалық кешен мен ядролық энергетика саласындағы мәселелер талқыланады.
«Келіссөздер барысында мұнайгаз саласындағы ынтымақтастық жобалары, соның ішінде «Атырау-Самара» мұнай құбыры мен Каспий құбыр консорциумы жүйесінің қуатын арттыру перспективалары мен Каспий өңірінен қуат көздерін тасымалдауға қатысты басқа да мәселелер талқыланады»,- деп хабарлайды Ресейдің «Новости» ақпараттық агенттігі Кремльдегі ақпарат көзіне сілтеме жасап.
В.Путиннің Астанаға сапары барысында Ресей мен Қазақстанның 2007-2008-жылдарға арналған бірлескен іс-шараларының жоспарын қабылдап, уранды байыту жөніндегі халықаралық орталық құру туралы және сауда өкілдіктерінің бөлімшелерін ашу туралы келісімдерге қол қою көзделген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті