Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, «№42 алаңның монтаж-сынақ корпусында Ресейдің ауыр машина жасау жөніндегі конструкторлық бюросының, «Вымпел» тәжірибелік-конструкторлық бюросының, «Байқоңыр» Федералдық ғарыш орталығының, Украинаның «Южное» МКБ мен басқа да ғарыштық ұйымдардың мамандары «Зенит-3SLB» зымыран тасығышын ұшыруға дайындай бастады.
Орталық ақпаратына сәйкес, қазір «зымырын тасығыштың блоктары мен сатылары темір жол вагондарынан түсіріліп, құрастыру стендтеріне қойылуда. Сөйтіп, AMOS-3 жер серігін ұшыруға дайындық жұмыстары басталды.
«Зенит-3SLB» ғарыш айлағына 26 қазанда жеткізілді.
«»Зенит-3SLB» зымыран тасығышының ұшырылымы жаңа халықаралық «Жер үсті ұшырылымы» атты бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Ол үшін ғарыш айлағында №42 алаңдағы монтаж-сынақ корпусы мен №45 алаңдағы ұшырылым кешені жаңаланды», -деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Израильдің телекоммуникациялық Amos-3 жер серігін «Зенит-3SLB» зымыран тасығышымен 2008 жылғы наурызда ұшыру межеленіп отыр.
Amos-3 жер орбитасында 1996 жылы ұшырылған Amos-1 аппаратын алмастыруға тиіс. Amos-3 Ku-диапазонда жұмыс істейтін ретрансляторлардың санын толықтырып, Таяу Шығыс, Еуропа, Африка, сондай-ақ, Солтүстік және Оңтүстік Американың кейбір өңірлерінде жоғары сапалы байланыс пен кең жолақты мәліметтер базасын жалғастыруды қамтамасыз етеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті