«Алматы — Дели рейсінің жолаушылары кедендік, шекаралық және арнаулы бақылаудан өткеннен кейін декларацияда көрсетілмеген және ауызша түрде хабарланбаған 31 мың АҚШ доллары мен 200 евроны алып өтпек болған Қазақстан азаматшасы ұсталды», -деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Контрабандамен күрес басқармасының бастығы Нұрлан Жолшыбековтың айтуынша, Қазақстан заңнамасына сәйкес, елден 10 мың АҚШ долларынан көп қолма -қол шетел валютасын алып шыққан кезде олардың шығу тегінің заңдылығын растайтын рұқсат құжаттарын көрсету керек. Ондай құжаттарға «200» немесе «210» формасындағы кіріс туралы салық декларациясы және валютаның енгізілгені туралы кеден белгісі соғылған кедендік декларация жатады.қазір ұсталған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Алматы кеденшілерінің мәліметінше, кейінгі уақытта контрабандаға қатысты әйелдер көптеп ұсталатын болды. Наурыз айында әйелдердің алыс шетелге валютаны заңсыз алып өтуге жасалған екі дерек тіркелген. Бір әйелден $63 мың, екіншісінен $35 мың тәркіленді. Жыл басынан бері, сонымен бірге, алтын бұйымдарды контрабандалық жолмен әкелмек болған әйелдер де ұсталған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті