Иван-шай ерлер денсаулығына қалай әсер етеді - kaz.caravan.kz
  • $ 476.75
  • 541.59
+32 °C
Алматы
2026 Жыл
29 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Иван-шай ерлер денсаулығына қалай әсер етеді

Иван-шай ерлер денсаулығына қалай әсер етеді

Дәстүрлі таржапырақты шайқурай (иван-шай) ежелден-ақ бай химиялық құрамымен және емдік қасиеттерімен танылған сусын. Ол ағзаға жан-жақты қолдау көрсетіп, көптеген дерттің алдын алуға көмектеседі.

  • 29 Шiлде
  • 14
Фото - Caravan.kz

Бұл сусынды тұрақты тұтыну ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартып, ерлер денсаулығын қолдап, ұйқы сапасын арттыруы мүмкін.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталының тілшісіне нутрициолог Лилия Ғалиева айтып берді.

— Иван-шайдың ерекше қасиеті неде?

— Таржапырақты шайқурай – дәрумендерге, минералдарға және биологиялық белсенді заттарға бай өсімдік. Оның құрамындағы С дәрумені кейбір цитрус жемістерінен де көп болуы мүмкін. Ең бастысы – оның құрамында кофеин жоқ, сондықтан жүйке жүйесіне артық салмақ түсірмейді әрі тәуелділік тудырмайды. Сондай-ақ құрамында өсімдік шырышы, илік заттар, табиғи флавоноидтар және түрлі микроэлементтер бар.

Иван-шай антиоксиданттық, қабынуға қарсы және асқазанның шырышты қабатын қорғайтын қасиетке ие. Ол қара шай мен кофеге жақсы балама бола алады. Сонымен қатар ағзаны зат алмасу өнімдері мен зиянды заттардан тазартуға, аурудан кейін күш-қуатты қалпына келтіруге көмектеседі. Табиғи әрі қолжетімді бұл сусын жалпы денсаулықты нығайтуға ықпал етеді.

— Иван-шай ас қорыту жүйесіне қалай әсер етеді?

— Өсімдік құрамындағы шырыш пен пектин асқазанның шырышты қабатын қаптап, тұз қышқылы мен өттің әсерінен қорғайды. Ол гастрит, асқазан және он екі елі ішек жарасы, колит кезінде қабынуды азайтуға көмектесуі мүмкін. Илік заттар ішек жұмысын қалыпқа келтіріп, зиянды микрофлораның көбеюін тежейді.

Иван-шайды тұрақты ішкенде іштің түйілуі, кебуі мен ауырлық сезімі азаяды. Сонымен қатар ол ас қорыту жолдарының шырышты қабығының қалпына келуіне ықпал етеді, өт бөлінуін жақсартып, бауыр мен ұйқыбездің жұмысын қолдайды. Сондай-ақ ішек микрофлорасының тепе-теңдігін сақтауға көмектесіп, дисбактериоз белгілерін жеңілдетуі мүмкін.

— Неліктен иван-шай ерлер денсаулығына пайдалы деп есептеледі?

— Шайқурай құрамындағы кейбір биологиялық белсенді заттар қуықасты безінің ұлғаюына ықпал ететін үдерістерді тежеуге көмектесуі мүмкін. Сонымен бірге ол қабыну мен ісінуді азайтып, кіші жамбас ағзаларындағы қан айналымын жақсартады.

Иван-шайды тұрақты тұтыну простатит пен қуықасты безі аденомасының алдын алуға ықпал етуі мүмкін. Көптеген ер адам зәр шығарудың қалыпқа келгенін және жайсыздықтың азайғанын байқайды. Сондай-ақ ол репродуктивтік жүйені қолдап, отырықшы өмір салтынан болатын қан іркілісінің алдын алуға көмектеседі.

— Бұл сусын жүйке жүйесіне және ұйқыға қалай әсер етеді?

— Иван-шай құрамындағы магний мен В тобы дәрумендері жүйке жүйесіне жұмсақ әсер етіп, күйзеліс пен мазасыздықты азайтуға көмектеседі. Ол күндіз ұйқышылдық тудырмайды және тәуелділік қалыптастырмайды.

Кешке бір кесе жылы иван-шай ішу жұмыс күнінен кейін бойды босаңсытып, жүйке ширығуын басады. Соның нәтижесінде ұйқыға кету жеңілдеп, түнгі ұйқы терең әрі тыныш болады. Таңертең адам өзін сергек әрі тың сезінеді. Сондықтан иван-шай қазіргі қарбалас өмірде табиғи тыныштандырғыш сусын ретінде бағаланады.