8 мамырда Мәскеуде Қазақстан, Беларусь және Ресейдің президенттері кездеседі - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
8 мамырда Мәскеуде Қазақстан, Беларусь және Ресейдің президенттері кездеседі

8 мамырда Мәскеуде Қазақстан, Беларусь және Ресейдің президенттері кездеседі

 Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері келесі кездесулерін 8 мамырда Мәскеуде өткізеді. Бүгін Ақордада Қазақстан, Беларусь және Ресей басшыларының үшжақты кездесуінен кейінгі бірлескен мәлімдемеде Беларусь Президенті Александр Лукашенко осылай мәлім етті.

  • 20 Наурыз 2015
  • 1046
Фото - Caravan.kz

8 мамырда Мәскеуде кездесу туралы келісілгеніне тоқталған ол бұл келіссөздерде ЕАЭО елдері мемлекет басшыларының деңгейінде тиісті талқылаулар болатындығын жеткізді. 

А. Лукашенконың сөзіне қарағанда, осы кездесуге дейін үкіметтер барлық нақты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізіп, шешімдер қабылдауы тиіс.

«Бұл — Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы. Осы келісімді міндетті түрде орындау қажет», — деді Беларусь басшысы. 

 ЕАЭО-ға қосылуға ниетті елдер Қазақстан, Беларусь және Ресей жасаған ұстанымдарды қатаң орындауы тиіс. Бүгін Ақордада үшжақты кездесуінен кейінгі бірлескен мәлімдемеде Беларусь Президенті  Александр Лукашенко осылай мәлім етті.

Еуразиялық экономикалық одаққа Қырғызстанның қосылуы проблемаларына тоқталған Лукашенко, бұл тақырып алдағы кездесуде де қаралатындығын жеткізді. «Біздің Еуразиялық экономикалық одаққа жаңадан қосылуға ниетті елдер ЕАЭО-ның үш мемлекеті әзірлеген классикалық ұстанымдарын орындағаны жөн», — деді ол.

Беларусь басшысы ЕАЭО-ны қалыптастыру оңайға түспегендігін, сондықтан экономикалық одаққа қызығушылық танытып отырған мемлекеттер Қазақстан, Ресей және Беларусьтің даярлаған ұстанымдарымен алға жылжығаны маңызды екенін қадап айтты.

ЕАЭО елдерінің үкіметтеріне өзара сауда көлемін қалпына келтіру тапсырмасы беріледі. Бүгін Ақордада Қазақстан, Беларусь және Ресей басшыларының үшжақты кездесуінен кейінгі бірлескен мәлімдемеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға,  үкіметтерге туындайтын мәселелерді дер кезінде шешуге тапсырма беру туралы келістік. Үкіметтерге өзара сауда көлемінің өсімін қалпына келтіру тапсырмасын береміз. Сонымен бірге біз байқап отырған дағдарыстарға әрекет ету бойынша жедел шешімдерді қабылдап, талқылау үшін осындай іскерлік бейресми кездесулерді өткізу тәжірибесін жалғастыруға келістік», — деді Елбасы.

Мұнымен қоса, ҚР Президенті Украинаның оңтүстік-шығысындағы шиеленіс бойынша Қазақстан тарапы проблеманы дипломатиялық жолмен шешу ұстанымында екенін қадап айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты Мәскеуде мерекеленетін шараларға белсенді қатысатындығын жеткізді.


Н. Назарбаев Қазақстан ТМД төрағасы екенін айта келе, осы орайда мемлекет басшыларын биыл күзде Астанаға келуге шақырды. 

Мемлекеттер басшылары өзара сауданы және үш елдің экономикалық өзара ықпалдастығын арттыру мәселелерін қарастырды. Бұдан бөлек, президенттер әлемдік экономикадағы үрдістердің дамуын, сондай-ақ Украинадағы жағдайды талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыс көріністері тұрғысынан әлемдегі қазіргі ахуалды талқылау үшін бұл кездесудің маңыздылығын атап өтті.  

«2007-2009 жылдардағы дағдарыс жаһандық сипатта болған еді, ал қазіргісі өңірлік бағыт алып отыр және энергия ресурстары мен біз өндіріп жатқан тауарлар бағасының төмендеуінен туындады. Біз мұндай қатердің боларын болжадық, ендігі міндетіміз — бірлескен шаралар әзірлеп, осы кезеңнен сәтімен өтіп шығу», — деді Қазақстан Президенті.  

Мемлекет басшысы сондай-ақ өзге елдерге де әсерін тигізіп отырған Украина дағдарысына қатысты пікір алмасу қажеттігіне тоқталды.

Қазақстан Президенті бағыт-бағдарды өзара үйлестіріп, перспективалы мәселелерді талқылап отыру үшін жиі және тұрақты кездесулер өткізудің маңыздылығына назар аударды.  

 Беларусь және Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаевқа Астанаға шақырып, көзделген мәселелерді талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс білдірді.