Жарияланды: 1000

Ағаштарды заңсыз кесу салдарынан ел экономикасына 32 млн. теңгенің шығыны келді- ҚР қаржы полициясы агенттігі

Ағаш өңдеу және ағаш тілу жөніндегі комбинаттарда орманды заңсыз пайдалану, ағаштарды заңсыз есептен шығару, заңсыз ағаш кесу, сексеуілді заңсыз отау салдарынан 2003-жылы ел экономикасына 32 млн. теңгенің шығыны келді. Бұл туралы ҚР қаржы полициясы агенттігінің баспасөз қызметінен таратылған хабарламада айтылған.

2003-жылы бұл салада қаржы полициясы органдары 24 қылмыстың бетін ашты. Ағаштан құрылыс материалдарын заңсыз өндірумен айналысқан 7 цех жабылды. Заңсыз ағаш кесу деректеріне байланысты 122 әкімшілік материал әзірленді. Заң бұзған 101 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 80 мыңнан астам теңгенің айыппұлы салынды. Шығыс Қазақстан облысында орман және хайуанаттар әлемін қорғау жөніндегі Жаңа Семей мемлекеттік мекемесінің бұрынғы директорының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оған осы аумақтағы ағаш кесуге салынған тыйымға қарамастан Глуховское орман шаруашылығында толық көктемеген ағаштарды заңсыз кесуге рұқсат бергені үшін айып жүктелді. Павлодар облыстық орман және аң шаруашылығы аумақтық басқармасының екі бас маманы ұсталды. Олар болашақта тексерулерден құтқарып, өз қорғауымызға аламыз деген сылтаумен облыстағы бір ағаш өңдеу кәсіпорны директорының орынбасарынан пара талап еткен. Осыған байланысты қылмыстық іс сотқа жіберілді. Еліміздің оңтүстік аймақтарында сексеуіл көшеттерін заңсыз кесу деректерінің алдын алуға шаралар қолданылуда. Қызылорда облысында сексеуіл кесумен заңсыз айналысқан Қаракөл ауылының тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл адам 24 мың теңгеге бағаланған сексеуілді құртып жіберген. Соңғы 7 жылда табиғат қайкөйлерінің заңсыз ағаш кесуі мен өртке байланысты ел көлемінде орманды алқаптар аумағы 117,6 мың гектарға кему салдарынан табиғи тепе-теңдік бұзылып, жер шөлейттене түсуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть