Жарияланды: 540

Айдын Айымбетов осы мақсатқа жету үшін бала күнінде не істеген?

Айдын Айымбетов осы мақсатқа жету үшін бала күнінде не істеген?

Қазақстандық Айдын Айымбетовтің ғарышқа ұшуына санаулы сағаттар қалды. Ал отандық ғалымдар ғарышкердің жерге қайтып оралғаннан кейінгі денсаулық жағдайын жан-жақты зерттемек. Айымбетовтің өзі болса, бұл сапарында бірнеше ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл біз үшін тарихи оқиға болғалы тұр. Өйткені таңертең ғарышқа үшінші қазақ аттанады. Жалпы, «Союз ТМА» кораблінің экипажы аспан әлемін бағындыруға

дайын.

Соңғы екі аптада «Союзбен» ұшатын ғарышкерлердің әр қимылын жүздеген тілші бақылауда. Қазір ғарышкерлер де ашыла түскен. Қойылған сұрақтарға ашық жауап береді. Ал, Айдын Айымбетов -  ғарышқа ұшқалы отырған үшінші қазақ. Ол бала күнгі арманына жету үшін жылдар бойы дайындалған. Осы күнге дейінгі өмірі тек әуе, ғарыш саласымен тығыз байланысты екен. Өз мамандығын игеру үшін ол кішкентай кезінен тентектігін қойып, спортпен шұғылданып, әскери оқу орнында білім алған.

Айдын Айымбетов, ғарышкер:

- Әкем екеуміз шабындықта күні бойы жұмыс істеп, түнде шөптің үстінде ұйықтайтынбыз. Мен аспандағы жұлдыздарға қарап жатып, бір жарықты байқадым. Ол өте ірі метеорит еді. Әкемнен бұл туралы сұрап едім, бәрін айтып берді. Сол кезден бастап жұлдыздарға, жалпы аспан әлеміне деген қызығушылығым пайда болды.

Қазақстандық ғарышкер алдағы сапарында ғылыми зерттеулер мен физикалық-ғарыштық эксперименттер жасамақ. Бұған қоса, бірнеше жыл бұрын Елбасына берген  уәдесін де орындаймын дейді. Айымбетов ғарышқа көк байрағымызбен қатар, кенже қызы сыйлаған ойыншықты да алып кетпек.

Даяна Айымбетова, Айдын Айымбетовтің қызы:

- Әкеме өзімнің ең жақсы көретін ойыншығымды сыйладым. Ол соны өзімен ғарышқа алып кетеді. Менің бергенім – ойыншық арыстан. Арыстан – бір жағынан әкемнің жұлдызнама белгісі.

Қазір ғарышқа ұшатын экипаж мүшелері түгелдей дайын. Олардың халықаралық ғарыш кешеніндегі жұмыстары мен орналасатын орындарына дейін нақты белгіленіп қойған. Енді, «Союз» кемесі ертең сағат 10:37-де ұшады.  Айта кетсек, бұл Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылатын мерейтойлы 500-інші зымыран болмақ. Экипаж құрамында Айымбетовпен бірге ресейлік ғарышкер Сергей Волков пен дат астронавты Андреас Могенсен бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін