"Бұл ақша тасқыны. Біз әлі судың қадірін білмейміз" – Алмас Алтай - kaz.caravan.kz
  • $ 443.44
  • 480.51
+25 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Бұл ақша тасқыны. Біз әлі судың қадірін білмейміз" – Алмас Алтай

"Бұл ақша тасқыны. Біз әлі судың қадірін білмейміз" – Алмас Алтай

Тек соңғы отыз жылдың көлемін айтар болсақ 2012 жылы және 2017 жылы алапат су тасқыны болып, халық қиналып, Үкімет сасқан екен. Алайда, олар биылғы тасқынның жанында айналайын боп қалыпты: суға кеткен аймақтардан 13 659 адамның эвакуацияланғаны жағдайдың аса ауқымды әм өте күрделі екенін айтып тұр ғой. 

  • 2 Сәуiр
  • 40
Фото: Caravan.kz

Осы тасқынның болатынын айтып аграрлық сарапшы Кирилл Павлов бір ай бұрын қақсаған. Қақсағанда да әр облыстың, әр ауданның картасын көрсетіп, тіпті күніне дейін айтып «мына тұстарда ерекше қарғын су болады, жергілікті әкімшілік қамсыз болмасын» деп нақты, нақты айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиапорталы.  

Ешкім оның сөзіне мән берген жоқ.

Бізде мүмкіндіктің бәрі бар, мамандар да жеткілікті, тек істеп тастайтын ниет жоқ!

Әр көктемде осылай суға кетеміз. Ал, жазда «су жоқ, су жетпей жатыр» деп жылаймыз. 

«Судың қадірін білетін елдер, су жетпейтін елдер көктен түсетін ылғалдың бәрін қағып ап, сақтап, бөліп беріп отыр еліне. Суға жақын, қарғынға кетуі мүмкін елді мекендерді биік дуалмен қоршау, ағыс жолдарын зерттеп ауылға соқпайтындау қам жасау, сосын үлкен көлемдегі суды жинай алатын қоймалар жасау қиын да, қымбат та емес»,- деді Алмас Алтай.

Бір ғана Ертістің өзіне 23 — 25 миллиард текше метр суды ағызып жібереміз. Ал, осы сумен қаншама гектар ауылшаруашылық жерін суландыруға болар еді?!

Біз «аш құлақтан тыныш құлақ» деп құтылғанға мәзбіз, ағызып жіберіп қарап отырамыз. 

Үйткені, біз әлі судың қадірін ұқпаймыз! Бағасын білмейміз! 

«Төтенше жағдай кезінде бір көзден сатып алуға мүмкіндік беріледі. Ал, бұл өңірлер үшін нағыз ақша жасап қалатын майшелпектің кезі, бұл бір! Екіншіден, жыл сайын тасқыннан соң миллиардтаған теңге бөлініп зардаптарды жоюға жұмсалады. Сол қаражатты мақсатына пайдаланып, қалтаға баспай, өзара бөлмей келесі жылы болуы мүмкін тасқынға дайындалатын басшылар бізде жоқ», — деді сарапшы Кирилл Павлов.

«Сойып салған ғой. Дәл айтқан ғой. Ішінде жүр, кімнің қалай жасап, кімнің қалай асап жатқанын білетін жігіт қой Кирилл», — деп жазды Алмас Алтай. 

13 659 адам. Әкімдер жұмысқа салғырт қараған. Әйтпесе, жылма жыл келетін көктем, жылда еритін қар — соның алдын алып, ертеден қам қылса апаттың ауқымы мұнша кең, зардабы мұнша ауыр болар ма еді?! Жоқ! Дер кезінде ештеңе істелмеген, зерттелмеген, ешкімнің шаруасы болмаған. Қағаз жүзінде қанттай, ал, үй-жайын, мал-мүлкін тастап безіп кеткен халыққа қарап жағдай жақсы дей алмайсың.

Республикалық штабты жинап, жағдай туралы толық тыңдаған соң Тоқаев қауіптің әлі сейілмегенін айтты. Демек, әкімшіліктер мен төтенше жағдайлар министрлігі осы жолы өтірік айта алмағаны ғой.

«Үкіметтік комиссия жергілікті атқарушы биліктен дұрыс есеп алсын. Үйі құлаған, малынан айырылған ағайынның шығыны толық жабылсын! Бюджеттен қосымша қаражат бөлінсін. 

Апат болған батыс аймақта «Самұрық Қазына» қарасты жер қойнауын игеріп жатқан ірі компаниялар бар. Олар да ел басына күн туғанда қарап отырмай ауыртпалықты бірге еңсеріседі деген сенімдемін. Бүлінген инфрақұрылым, қираған көпір, бұзылған жол бар, бюджетке түсетін салмақтың бір жағын көтеріп жеңілдетер деген сенімдемін» депті Президент. 

Расымен, бар қазақ — бір қазақ, елдік осындайда сыналатын шығар. 

Елдің жиғаны, халықтың көрсеткен көмегі дәл қазіргі сәтте ғана пайдаға асар. 

Ал, күні ертең ел үй-орманына оралған кезде көмектің дұрысы керек болары даусыз. Айлапат компаниялар, олигархтар, нән бизнесмендер бір көпір, бір жырылған жолдан бөлісіп алып, жөндеп берсе — сол шыққан шығынды байқамай да қалатын ірі ірі мекемелер мен адамдар баршылық қой бізде.

Төтенше жағдайларды ғарыштан мониторинг жасауға 1,5 миллирад бөлінген екен. Ал қайда ақша?

Соңғы жаңалықтар