Жарияланды: 430

Әлеуметтік құрылыстарға типтік жобалау енгізілуі мүмкін

Келесі жылы әлеуметтік құрылыстардың типтік жобалануы енгізілуі мүмкін. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында

«Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті. Заң жобасын талқылау барысында сенатор Қожахмет Баймаханов аурухана, мектеп, клуб секілді әлеуметтік құрылыс жобаларының жосықсыз қымбаттауы мәселесін көтере келе, әр облыстың өз бетінше жобалау жұмыстарымен айналысып жатқанын сынға алды. «Неге барлық өңірге ортақ қалыптасқан республикалық жоба жоқ? Кеңес өкіметінің кезінде 464-орындық мектеп, 961-орындық мектеп, 1200-орындық мектептер деген, типтік мектеп, типтік ауруханалар болды. Ал неге біз бюджет есебінен әртүрлі аурухана, әртүрлі мектеп салуға тиіспіз? Басқасын былай қойғанда, неге біздің өңірлерде сондай мектептер мен аурухана құрылыстары негізсіз қымбаттап шыға келеді?», - деді Қ. Баймаханов. Өз кезегінде депутаттар сауалына жауап бере келе, Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев мұндай мәселенің орынды көтеріліп отырғанын жеткізді. «Ендігі жылдан бастап біз осындай типтік жобаларды енгіземіз бе деп ойлап отырмыз. Өйткені, соңғы екі-үш жылдың ішінде шынында да жобалауда нешетүрлі проблемалар орын алды. Бұдан бөлек, мемлекет-жеке меншік секторының әріптестігінде осы мәселелерді де қарауды ойлап отырмыз. Оның үстіне келесі жылдан бастап «Қолжетімді баспана» бағдарламасында да типтік құрылыстар салғалы отырмыз», - деді Е. Досаев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін