Жарияланды: 430

Алғашқы қоңырау балалар колониясында да ұзақ үзілістен кейін қайта сыңғырлады

Алғашқы қоңырау балалар колониясында да ұзақ үзілістен кейін қайта сыңғырлады

Жез қоңырау үні бүгін балалар колониясында да ұзақ үзілістен кейін қайта сыңғырлады.

Алматыдағы қатаң тәртіптегі жасөспірімдерді түзеу мекемесінде кәдімгі мектептердегідей білім күні салтанатты түрде аталып өтті. Албырттықпен қате басқан олар енді қалған сыныптарын осында оқып бітіреді.

Анасына деген сағынышын әнмен жолдап жатқан мына баланың осында отырғанына 3 жылға таяған. Мұнда жиналған әр жасөспірімнің жүрегінде осындай сағыныш бар. Көбі албырттықтың кесірінен опық жеген. Дегенмен, азат өмірден оқшауланған демесеңіз, мұнда кәдуілгі өмір салты қалыптасқан.

Жасөспірімдерге арналған еліміздегі жалғыз түзеу мекемесінде қазір әр қиырдан жиналған 14 пен 20 жас аралығындағы 80 бала тәрбиеленіп жатыр. Жартысынан астамы адам өлтіру, зорлық-зомбылық секілді аса ауыр қылмыс жасағандар. Әйтсе де бас бостандығынан айрылғанымен, олар да білім алуға хақылы.

Жанар Алмабаева, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Мұндағы айырмашылық, бұл жердегі балалар енді істі болғаннан кейін, бұларда психологиялық жағынан қиындықтар туындап жатады. Иә, сабақ үлгерімдері жағынан, әрине, айырмашылық бар.

Мұнда оқушылар оқу үлгерімі және тәртібімен көзге түссе, өзі үшін үлкен пайда. Өйткені мұғалімдер олардың жақсы қасиеттерін ескере отырып, ертерек босату туралы рапорт жаза алады. Биыл 11-ш3 сыныпқа аяқ басқан Айдын сондай талапты балалардың бірі.

Айдын Рәшид, жазасын өтеуші:

- Айырмашылық, тек бостандықта емес бұл жер. Бостандықта басқа, бұл жер басқа. Бірақ, білімдері жақсы. Бостандықта білім қалай берілсе, бұл жақта да солай. Барлық нәрсе жасалған. Бостандықты бағалау керек, болды. Тыныш жүру керек.

Түзеу мекемесіндегі орта мектеп оқулықтармен түгел қамтылған. Түске дейін балалар сабақ оқыса, түс ауа түрлі кәсіптік сала бойынша қосымша білім жетілдіріп, жұмыс істейді.

Ертай Шәкенов, ЛА 155/6 түзеу мекемесі бастығының орынбасары:

- Бүгінгі 1 қыркүйек білім күнінде 80 баланың 62-сі мектепке барды. Қалғандары орта білімдері бар, 18 жастан асқан, сот үкімімен біздің мекемеде қалған балалар.

Еліміздің барлық мектептеріндегідей, мұнда да алғашқы сабақ «Менің Отаным – Қазақстан!» тақырыбына арналды. Ұстаздар қазақ хандығының 550 жылдығына қатысты мағлұмат берді. Тас қоршаудың ішіндегі кезекті оқу жылы осылайша басталып кетті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін