Жарияланды: 690

Алкогольдік ішімдік айналымын мемлекеттік реттеу ШОБ саудасының қаржылық тұрақтығын төмендетеді

Дүкендерде алкогольдік ішімдіктер сататын арнайы бөлімдердің бар болуын қарастыратын «Этил спирті мен алкогольдік өнімдерді өндіру мен олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасы шағын дүкендердің күнін мүшкіл етуі мүмкін, деп есептейді сарапшы Талғат Ерғалиев.

«Жоғарыда аталған заңның сол түрінде қабылдануы «үй маңында» түріндегі дүкендердегі тауар айналымын 20-30%-ға төмендетуі мүмкін», - деді Т. Ерғалиев саяси шешімдер институты клубының отырысында. Заң мәтіні бойынша алкогольдік өнімдерді сату лицензиялануы тиіс. Бұл ретте ірі қалалардағы дүкендер алкоголь өнімдерін сататын ауданы 40 м2 болатын, ал ауылдарда 10 м2 болатын арнайы бөлім ашуы тиіс. Т. Ерғалиевтің айтуынша, мұндай шектеулер ішімдік сата алатын дүкендер санын күрт төмендетеді. Демек шағын дүкендердің эконмокиалық жағдайын күрт төмендетеді. Себебі олардың кірістерінің 30% алкогольдік ішімдіктер әкеледі екен. «Алкогольдік ішімдіктер сататын нүктелердің арқасында әлеуметтік маңызды тауарлар – нан мен сүт өнімдерін сататын тиімді арналар қалыптасқан. Дүкендердің бір бөлігінің жабылуы осындай нүктелердің жойылуына әкелуі мүмкін», - деп есептейді сарапшы. Одан басқа, осындай шағын дүкендердің жойылуының әлеуметтік астары да болады. «Шағын дүкендердің бизнесінің негізгі түрі – ЖК (жеке кәсіпкерлік). ҚР статистика агенттігінің мәліметтерінше, Қазақстандағы ЖК саласында жұмыс істейтіндер саны 497,5 мың адам. Олардың жартысы сауда саласында жұмыс істейді. Сөйтіп, отбасы мүшелері мен оларға қарап отырғандарды қоса есептегенде экономиканың осы сегментіне 950 мыңдай адам тәуелді», - деді ол. «Этил спирті мен алкогольдік өнімдерді өндіру мен олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңды үкімет елдегі алкогольдік ішімдік өндірісін бақылау мен Қазақстанда арақ ішу көлемін төмендету керектігі туралы елбасының тапсырмасы негізінде дайындаған болатын. Қазір бұл заң жобасы үкіметте үйлестіруден өтіп жатыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін