Жарияланды: 690

Алматы әкімі Б.Байбек Алатау ауданы тұрғындарының арыз-шағымдарымен танысты

Алматы әкімі Б.Байбек Алатау ауданы тұрғындарының арыз-шағымдарымен танысты

Бүгін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Алатау ауданындағы «Нұркент» шағын ауданы тұрғындарымен кездесіп, олардың арыз-шағымдарын тыңдады.

«Қол жетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары әкімге ыстық судың, газдың, қоқыс тастайтын жәшіктердің жоқ екендігін және жеделсатының істемейтіндігін айтты. Бұдан басқа, ықшам аудан аумағында балалар бақшасы мен автокөлік тұрағы салынбаған. Дегенмен, осы ықшам ауданды салған құрылыс компаниясының басшылығы автотұрақ пен футбол алаңқайын салып беруге уәде беріпті.

«Райымбек даңғылы, Ақын Сара және басқа да көшелерді абаттандыру жұмыстары қазір сәулетші Ян Гейлдің жобасы бойынша жүзеге асып жатыр. Міне, солтүстік жақта универсиада нысандары бой көтеріп келеді. Яғни, аудан жақсы жерде орналасқан. Бұл жерде 12 мың орындық мұз сарайы және атлетикалық ауыл салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары 2016 жылдың тамызында аяқталып, нысандар қолданысқа беріледі деп күтілуде. Яғни, сіздердің балаларыңыз барып, спорт үйірмелеріне қатысу мүмкіндігіне ие болады», - деді қала әкімі.

Оның айтуынша, ықшам аудан индустриалды аймақта орналасқан. Қазіргі таңда әкімдік алдында тұрған басты міндет - ол, осы аймаққа инвестиция тарту. Сәйкесінше, ықшам аудан тұрғындары үшін жұмыс орындары ашылады.

«Біз құрылыс компаниялары алдына мынадай міндет қойдық. Олар тұрғын үйлермен қатар солардың қасына балабақшалар да салатын болады», - деді Б. Байбек.

Қала басшысы сонымен қатар, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында өз орынбасары Болат Сауранбаевтың бүгінгі тұрғындар айтқан мәселелердің шешілген-шешілмегендігін тексеретіндігін айтты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін