Жарияланды: 780

Алматы әкімі бүлдіршіндерді Білім күнімен құттықтады

Алматы әкімі бүлдіршіндерді Білім күнімен құттықтады

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп гимназиясының бүлдіршіндерін 1 қыркүйек - Білім күні мерекесімен құттықтады.

«Ақиық ақын атындағы бұл мектептің табалдырығын биыл 200 бала аттап отыр. Ата-аналар балалардың бұл қадамына өте қуанышты. Өйткені, бұл мектеп ҰБТ, басқа да пәндік олимпиадалар бойынша қаладағы 202 мектептің ішінде үнемі көш бастап келеді», - деді Б.Байбек.

Қала басшысы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында білім саласына мол көңіл бөлініп келе жатқандығын атап өтті.

Оның айтуынша, бес жылда қалада 12 жаңа мектеп бой көтерген.

«Мектептің ең басты құндылығы  мұғалім. Елде сапалы білім алуға барынша жағдай жасалған. Балалардың санасына сәуле ұялатып, білім нәрімен сусындататын да мұғалім. Олар еліміздің болашағын қалап жатыр», - деді Б.Байбек.

Салтанатты жиында 1 сынып оқушыларына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Менің Отаным - Қазақстан» кітабы табыс етілді.

Айта кету керек, 2015-2016 жаңа оқу жылында Алматыда 27 мың бүлдіршін бірінші рет мектеп табалдырығын аттады. Ал, республика бойынша барлығы 336 мың бала 1-сыныпқа барды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін