Жарияланды: 610

Алматы облысында 170 емен отырғызылған «Абай» бағы ашылады

Алматы облысында 170 емен отырғызылған «Абай» бағы ашылады

Алматы облысының Кербұлақ ауданының Басши ауылында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толуына орай еліміздегі алғашқы тақырыптық бақ ашылады. 

«Абай бағы» - бұл күнде тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың әйгілі тұлғасына айналып кеткен ұлы Абайдың 170 жылдығына «Гүлстан» журналы мен «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің тартуы болып отыр. 

Мерейтой кезінде «Гүлстан» журналы мен «Гүлзар» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасымен бірлесіп ұлы Абайдың 170 жылдығына орай 170 емен ағашын отырғызу идеясын көтерген болатын. 

Бақ Кербұлақ ауданы Нұрым ауылындағы орта мектептің жанында орналасады. Онда ұлы Абай жүріп өткен жол - Семей қаласынан бастап, Күшікбай асуы, М.Әуезов туған Бөрлі ауылы, Құнанбай қажы әулетінің қыстауы, әрі қорымы Ақшоқы, Еңлік-Кебек мазары, Еңлік-Кебек үйтасы, Әйгерім бұлағы, Жидебайға дейінгі аралықтың шағын көшірмесі көрініс таппақшы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бір ғана Нұрым орта мектебінің оқушыларына ғана емес, республиканың барлық мектептеріне үлгі боларлық бастама. Біріншіден, жас ұрпақтың бойына ұлы бабамызға деген ерекше құрмет үлгісін көрсетсе, екіншіден 5 пайызға ғана жуық орман-тоғайы бар Қазақ даласын көгалдандыруға шақырудың жарқын көрінісі бола алады. «Абай бағы» - биыл «Гүлстан» журналы мен «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің 2008 жылдан бері дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Туған табиғатты аялайық» деп аталатын ғылыми-танымдық конференциясы қарсаңында ашылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін