Аты жер жарған елдегі ең алып жол бұл. Қытай мен Европаны байланыстырады. Осы тықыр жерді транзит орны қылғандар жазда біткен жолдың маңдай тер ақысын әлі алмаған.
Бақытжан Жекешов, құрылысшы:
— Осынша халықты қазір бәрін жылатып отыр. Ешқайсысының ақшасын бермейді.
-Еуропаға тартылған атақты автомагистральдің осы ғана бір бөлігінде жүзден аса кісінің маңдай тер еңбегі сіңіпті. Қара жерді тастан аршып тас жол төсеуге дайындағандар арқамыздағы базада жарты жыл бойы жатып жұмыс істеген. Базаның өзі әлі де істеп тұрғанымен, бас мердігер бұрынғы жалдамалы жұмысшыларын маңайына да жуытар емес. Тек Алматы ғана емес, Шымкент, Үшарал, Қарағанды, тіпті сонау Семейден келген жұмысшылар жалақыларын алмай сол күйі үйлеріне бос кетіпті.
Күндіз-түні кірпік ілмей жол төсегендер мердігерді сотқа да берген. Бірақ басшының өзі табылар емес.
Санат Жалаңкөзов, құрылысшы:
-Ол кісінің Есікке барсаң үйінде жоқ. өзі де жоқ, ештеңе жоқ, таппаймыз оны. Қашып жүр. Телефонын да алмайды, ана жақа барсаң түріктер отырады. «Биз билярмиз, билмярмиз» дейді болды.
Ал бас мердігер «Догуш Гүлсан» компаниясы. Автобан құрылысын жүргізген түріктер ақшаны кіші мердігерге төлеп қойғанбыз деп өздеріне шаң жуытпады.
Қанатбай Жусабеков, «Догуш Гүлсан» компаниясының заңгері:
-Біздің жақтан барлық ақша төленген. Енді ар жағында «Мирайстрой» неге оны компания басшыларына қою керек.
Сөйтсе, бір-біріне жалданған компаниялар өзара есеп айырысып қойған екен. Тек кіші мердігер 86 миллон теңгенің есеп-шотқа аударылғанын мүлде мойындап отырған жоқ.
Марат Мертенов, «Мирайстрой» ЖШС бас директоры:
-Өзім жынданып жүрмін, шынымды айтсам. 50 миллион қарыз болғанда қалай жынданбайсын. Қалай жынданбайсын? Олар ақша бермей тұр. Менің басқа ақша алатын жерім жоқ! Үйім кепілдікте тұр. Мен далада қалдым өзім. Түк те жоқ менде қазір! 60-қа келіп ондай қарызға кірмегем!
Мердігерлер осылай бір-бірін кінәлаумен отыр. Ал маңдай тер ақысын алмаған жұрттың жайы не болары әлі де белгісіз. Тіпті кімге шағым айтарын да білмей, айдаладағы уческе басын торуылдаумен ғана жүр.