Жарияланды: 940

Алматы қалалық СЭС йод жетіспеушілігіне қатысты аурулардың алдын алуға бағытталған шараларды қолға алды

Алматы қалалық СЭС қызметкерлері йод жетіспеушілігіне қатысты аурулардың алдын алуға бағытталған шаралар бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Қалалық СЭС-тің бас маманы Лариса Лянның KZ-today тілшісіне хабарлауынша, бастапқыда қалалық әкімшіліктің отырысында бекітіліп, соңынан денсаулық сақтау департаментінің коллегиясында талқыланған бағдарлама қалалық мәслихаттың соңғы сессиясында мақұлданған.

Бағдарламаға сәйкес, қаладағы барлық медициналық мекемелерге СЭС тарапынан йод жетіспеушілігіне қатысты ауруға шалдығу деректерін қатаң есепке алу, балалар, жасөспірімдер, студенттер мен бала емізуші аналарды эндокринолог мамандардың міндетті тексеруінен өткізіп отыру туралы тапсырма берілді. СЭС мамандары емдеу-сауықтыру мекемелерінің йод тапшылығы салдарынан ауруға шалдыққан адамдарды анықтау және есепке алу жұмысына жоспарлы тексеру жүргізді. Аталмыш ауруларды емдеу сапасына бақылау жасала бастады. Қазіргі таңда СЭС қаладағы азық-түлік өнеркәсібі мекемелеріне нан, ашытқы тәрізді негізгі азық-түлік өнімдерін йодпен байыту жұмыстарын жолға қоюды қолға алып отыр. Сонымен бірге, Алматы кәсіпорындарында өндірілетін өнімдер құрамындағы йод мөлшері қадағалана бастады. Азық-түлік өнімдерін йодпен байытуға қатысты стандарт талаптары бұзылған немесе сапа сертификатынсыз өнімдер сатып алынған жағдайда айыппұл салу жүйесі қолданылады. Жобаны жүзеге асыру барысында қалалық СЭС жетімдер мен тұрмысы төмен отбасындағы балаларға арнап құрамында йоды бар өнімдер сатып алуға қосымша қаржы бөлдіруге күш салғалы отыр. Санитарлық эпидемиологиялық қызмет мамандары бағдарламаны жұртшылыққа таныстыру мақсатымен қаладағы азық-түлік кәсіпорындары басшыларының, сондай-ақ, мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінің басшыларының қатысуымен бірқатар семинар-кеңестер өткізді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін