Жарияланды: 720

Алматы қаласы халықаралық әуежайының екінші ұшу-қону алаңының тұсаукесері болды

Алматы. 30 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Алматы қаласы халықаралық әуежайының екінші ұшу-қону алаңының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды агенттік тілшісі ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігіне сілтеме жасап.

Шараға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Мұхит Құбаев, Мемлекетаралық авиация комитетінің Аэродромдарды және жабдықтарды сертификаттау комиссиясының төрағасы В.Гончаров, "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ-ның президенті Т.Ыдырысов қатысты. Ашылу салтанатынан кейін лауазым иелері тұсаукесерлік стенділер мен макеттерді көріп, жаңа ұшу-қону алаңымен танысты. Өз сөзінде Мұхит Құбаев соңғы жылдары Алматы қаласының әуежайы елеулі жетістіктерге қол жеткізгендігін атап өтті. Ол Азия - Еуропа - Азия бағытында негізгі жүк және жолаушы ағымдарын тартуға бағытталған халықаралық көліктік торапқа айналды. Жаңғырту жұмыстары кезінде Алматы әуежайы бірнеше сәтті жобаны жүзеге асырды. Олардың қатарында: мультимодальды терминалдың және жаңа жүк тұрақтарының құрылысы, Авиациялық техникалық орталықты қайта салу және жаңа ангарларды салу. Жаңа жолаушы терминалының құрылысы басталды. Бұлардан тыс, екінші ұшу-қону алаңының құрылысы толық аяқталды. Алматы әуежайындағы тұңғыш ұшу-қону алаңы 1968 жылы салынды. Қазіргі заманғы ауыр ұшақтар жылдар бойы әуежай алаңын пайдаланғаннан кейін, 1989 жылы ұшу-қону алаңының тозғаны анықталды. 1998 жылы оны қайта салу мәселесі дереу көтеріліп, "Мосаэропроект" институтының жобасы бойынша қайта салу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда Алматы әуежайында жолаушы және жүк тасымалының ағыны күрт өсті. Әсіресе, әлемнің жетекші авиакомпанияларының ауыр ұшақтары жасайтын транзиттік рейстер көбейді. Асфальтбетон жамылғысын араға 5-7 жыл салып күрделі жөндеуден өткізу қажет болды. Ал, Алматы әуежайының бірінші ұшу-қону алаңын қайта салғаннан кейін 9 жылдай уақыт өтті. Сондықтан, екінші ұшу-қону алаңын салу мәселесін тез арада шешу қажеттілігі туындады. 2005 жылы "Қазаэрожоба" институты екінші ұшу-қону алаңын салу жобасының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындады. Жоба бойынша, көлемі 4500х60 метр алаңын бетоннан салу қарастырылған. Мұндай жамылғы әуе кемелерінің барлық түрін қабылдауға мүмкіндік береді. Алматы әуежайы тұмандар аймағында орналасқандықтан, күзгі-қысқы мезгілде ИКАО-ның ІІІА категориясына сәйкес, шектеулі көрінім жағдайында 232� курсы бойынша жарық беру жабдықтары, екі бағыттан қонудың инструменталды жүйесін қамтитын навигация құралдары орнатылды. Сонымен қатар, жобада қарастырылғандай, энергетикалық нысандар салынып, байланыс және басқару жүйелері орнатылды. Екінші ұшу-қону алаңын салу жұмыстары 2007 жылы басталды. Бас мердігер - аэродромдарды салуда 50 жылдан астам тәжірибесі бар югославиялық "Планум" фирмасы. Екінші ұшу-қону алаңын салуда қазіргі заманғы жаңа технологиялар қолданылды. Жамылғының негізін салғанда, оған ылғал жібермеу үшін геотекстиль пайдаланылды. Ал, топырақты тұрақтандыру үшін арнайы арматура торы орнатылды. Бетон жамылғысын салу кезінде ресейлік М500ДО маркалы 67 мың тонна арнайы цемент қолданылды. 5 айдың ішінде барлығы 164 мың текше метр бетон салынды. Жаңа ұшу-қону алаңы заманауи талаптарға сай "Сименс" компаниясының жарық беру жабдықтарымен жабдықталған. 168 км кабель желісі орнатылды. 2008 жылдың тамызында барлық жұмыстар аяқталып, нысанды арнайы ұшақ-зертханалар әуеден тексерді. 2008 жылғы 8-14 қыркүйек аралығында Мемлекетаралық авиация комитеті мен Азаматтық авиация комитетінің бір топ мамандары жаңа ұшу-қону алаңының ИКАО-ның ІІІА категориясына сәйкестігін тексеріп, атқарылған жұмыстарға оң баға берді. Соның нәтижесінде "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ-на көрінімі 200 метрге дейін жағдайда жаңа алаңға әуе кемелерін қабылдауға рұқсат беретін 5 жылға сертификат тапсырылды. Екінші ұшу-қону алаңының құрылысына 87 милионнан астам АҚШ доллары, әуе қозғалысын басқару нысандары мен ауа-райын болжау жабдықтарына 7 млн. АҚШ долларынан астам қаржы жұмсалды. Пайдалануға берілісімен, Алматы халықаралық әуежайы ұшу салмағы жағынан шектеусіз ұшақтардың барлық түрін қабылдай алады. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін