Алматы тауларында туристер үшін 18 паналау үйшігі орнатылды  - kaz.caravan.kz
  • $ 447.88
  • 516.58
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматы тауларында туристер үшін 18 паналау үйшігі орнатылды 

Алматы тауларында туристер үшін 18 паналау үйшігі орнатылды 

Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Іле-Алатау ұлттық паркінің таулы аумақтарында 18 паналау үйшігі орнатылды. Олар саяхатшылар төтенше жағдайға тап болған немесе бағытынан адасқан жағдайда уақытша паналайтын орын ретінде қарастырылған.

  • 16 Қыркүйек
  • 1
Фото: скрин

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Алматының таулы аймақтарында туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда мыңнан астам тау бағыты цифрландырылып, оның 850 шақырымнан астамы абаттандырылған.

Тау соқпақтарына туристерге бағыт-бағдар беретін навигациялық белгілер мен көрсеткіштер орнатылған. Олар саяхатшыларға қай бағытта келе жатқанын, межелі жерге дейін қанша шақырым қалғанын және жолға қанша уақыт кететінін анықтауға мүмкіндік береді. Биыл тағы 350 шақырымға жуық тау соқпағын абаттандыру жоспарланып отыр.

Туристер арасында Серкебай тауына, Жапон соқпағына, Үлкен Алматы көліне және Алмарасан шатқалындағы ыстық бұлақтарға апаратын бағыттар танымал.

«TAU pro Corporation» ЖШС директоры Роман Картунның айтуынша, Серкебай тауына апаратын маршрут – туристер үшін ең қолжетімді бағыттардың бірі

Қазіргі таңда Серкебай тауына апаратын маршрут бар. Бұл – ең қолжетімді бағыттардың бірі. Одан бөлек, Жапон соқпағы, Үлкен Алматы көліне апаратын бағыт және Алмарасандағы ыстық бұлақтарға баратын маршрут та бар. Серкебай тауына дейінгі бағыттың ұзындығы шамамен 3 шақырым. Алмарасандағы маршрут – 700 метр. Үлкен Алматы көліне дейінгі жолдың ұзындығы – 5, ал Жапон соқпағы – 6 шақырым, – деді Роман Картун.

Туристер санының артуы да таулы аймақтарға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Биыл қаңтар-тамыз айларында Іле-Алатау ұлттық паркіне 1 млн 324 мыңнан астам адам барған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 93 пайызға көп.

Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Іле-Алатау ұлттық паркінің таулы аумақтарында 18 паналау үйшігі орнатылды. Олар саяхатшылар төтенше жағдайға тап болған немесе бағытынан адасқан жағдайда уақытша паналайтын орын ретінде қарастырылған.

Үлкен, Кіші, Горельник және Іле Алатау парктеріндегі туристер көп баратын шатқалдарда 18 тау үйшіктері орнатылды. Мұнда туристер төтенше жағдайға тап болса, қонып, келесі күні немесе демалып болғаннан кейін әрі қарай өзінің маршрутын жалғастыруына мүмкіндік береді, – деді «Алматы туризм бюросы» ЖШС қалалық туризм инфрақұрылымын дамыту бөлімінің басшысы Айбол Мұратхан.

Сонымен қатар биыл Үлкен Алматы көліне апаратын жаңа туристік маршрут жасалып жатыр. Жоба аясында туристер үшін жаяу жүргіншілер жолы, баспалдақтар, көпірлер мен демалыс орындарын салу жоспарланған.

Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар Алматының таулы аймақтарын туристер үшін қауіпсіз әрі қолжетімді етіп, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.