Жарияланды: 390

Алматы тұрғыны телефон ақысына ақы қосқан «Қазақтелекомнан» 50 млн теңге өндіріп алмақшы

Алматы тұрғыны телефон ақысына ақы қосқан «Қазақтелекомды» сотқа берді. Байланыстың осы түрін басыбайлы иемденіп алған ұлттық опертор кассаларын жаппай жаптырып тастап, тұтынушыларын  терминалдарға телміртіп қойыпты. Салдарынан телефон, ғаламтор, тағысын тағы қызметтердің ақысынан комиссия алынатын болған. Төлемақыны қолдан көбейтіп, қалтамды әбден қақты деп ашуланған Сәкен Шардаров «Қазақтелекомнан» енді 50 миллион теңге өндіріп алмақ

ойда.

Сәкен Шардаров бірнеше ай бойы үйіндегі телефон ақысын төлей алмай жүр. Үйреншікті әдетінше кассаға келсе, мүйізі қарағайдай мекемедегілер терминалдарға сілтеп, қаржысын қабылдамай қойыпты.   

Сәкен Шардаров:

- Терминалдар, басқалар олар комиссия алады. Мысалы, «Орионның» терминалдары 3 процент, қазір енді 2 процент алады. Басқалары 200 теңге, 100 теңге алады. Сонда қалай? Ол дұрыс емес. Ол мен жалғыз емеспін. Көбісі қазақстандықтар соны төлеп отыр. Сонда қаншама қаражат болып отыр.

Терминалдарға артық теңге төлеуден бас тартқан тұтынушы енді телефонға қарызы көбейіп кеткен. Сонда да «Қазақтелеком» кассаларды қайтарсын деп табандылық танытып жүр. Айтуынша, терминал, «интернет-банкинг» секілді заманауи тәсілдер көп танысының қалтасын қағыпты. «Қазақтелекомнан» енді есесін қайтарғысы келген клиент оны сотқа беріп, 50 миллион теңге моральдық шығын талап етіп отыр.    

Сәкен Шардаров:

- 50 миллион ол моральдық ущерб. Өйткені, бұл жерде мысалы ол тек қана өзіме емес, осыдан тисе осындай сумма онда мен оны мысалы басқа адамға көмекке,бір нәрсеге жұмсайын деп отырмын. Маған да айтып отыр, «Қазақтелеком» оңай компания емес, ұта алмайсын оны, бірақ та өстіп отыра берсек не істейміз? Кішкене бір әрекет жасауымыз керек.

«Қазақтелеком» мен клиенті оңаша соттасатын болады. Өйткені, алып компания соттың жабық есік жағдайында өтуін өтінген. Кассаларды қайтармаған күннің өзінде тұтынушы төлемақы қабылдайтын терминалдарды тегін қылуды талап етпек. Сөйткенде ғана, телефоны бар мыңдаған абонент теңгесін үнемдей алмақ. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін