Жарияланды: 720

Алматыда 28-29 қазанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының VII отырысы болады

Астана. 22 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Үстіміздегі жылдың 28-29 қазанында Алматыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының VII отырысы болады, деп хабарлайды агенттік тілшісі сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Хатшылық жұмысына әлемдегі түрлі конфессиялар мен діни ұйымдардың өкілдері қатысады. Бұл отырыста Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері ІІІ съезінің тақырыбы мен күн тәртібі жөніндегі ұсыныстарды талқылау көзделіп отыр. Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері ІІІ съезінің қорытынды құжаттарын белгілеу және әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құруға, хатшылықтың VII отырысының хаттамасын қабылдауға қатысты мәселелер қаралатын болады. Еске сала кетейік, съез хатшылығының отырыстары (біріншісі 2003 жылғы қыркүйекте Астанада съез аясында, екіншісі - 2004 жылғы қазанда Түркістанда, үшіншісі - 2005 жылы Алматыда) барысында үнқатысу қағидалары мен ІІ съездің тұжырымдамасы әзірленіп, оның тақырыбы бекітілген болатын. Хатшылықтың төртінші отырысында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері ІІ съезіне қатысушылардың декларациясы мәтінінің жобасы, съез тақырыбы мен күн тәртібі талқыланды. 2007 жылғы 18-19 қыркүйекте Астанада, Бейбітшілік пен келісім сарайында болған хатшылықтың VI отырысына қатысушылар алдында қорытынды сөз сөйлеген Қ.Тоқаев қазіргі дүниеде діндер арасындағы үнқатысу тұтастық пен келісімге жетудің маңызды құралы екенін атап өтті. Біздің барлық ұмтылысымыз - жер жүзіндегі тұрақтылық пен өркендеу, бейбітшілік, қауіпсіздік пен үйлесімге бастайды. Оны әсіресе, халықаралық террор адамзатқа стратегиялық қауіп төндірген кезде түсіну аса маңызды, ал әлем қоғамдастығы өзара іс-қимылды сақтау мен дамыту үшін өз күш-жігерін біріктіруге тиіс. "Біз пікір қайшылықтарынан алшақтай отырып, діни үнқатысудың маңызды миссиясын бірдей түсіне алдық, ал қол жеткен келісімдер біздің табысты ынтымақтастығымыздың жалғасуына берік негіз болады", деп атап өтті хатшылық басшысы. "2003 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген және әлемдегі діни конфессиялар лидерлері, көптеген мемлекет және беделді халықаралық ұйымдар басшылары қолдау білдірген жер жүзіндегі діни үнқатысуға қол жеткізуге хатшылықтың кезекті жетінші отырысы тағы бір маңызды қадам болады", делінген хабарламада. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін