Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі ертең 27 наурызда таңертеңгі сағат 10:00-де «Ғалымдар үй» РМК кешенінде өтеді.
Ғинаят Рахметоллаұлы Бекжанов 1927 жылы 3 наурызда Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. 1951 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын тәмамдап, инженер-геолог мамандығын алады. 1951-1961 жылдары Қарағайлы геологиялық барлау экспедициясының отряд бастығы, бас геологы болып қызмет атқарады. Ал 1961-1973 жылдары Қазақ геофизика тресінің бас геологы, кейіннен бас инженері болады. 1973 жылдан 1997 жылға дейін Қазақ минералдық шикізат ғылыми-зерттеу институтын басқарады. 1987 жылдан «Казнедра» ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры, 1994-1998 жылдары «Геология и разведка недр Казахстана» журналының редакторы болды. Ол Қазақ КСР-і (1972 жылы), КСРО (1984 жылы) Мемлекеттік және Қ.И. Сәтбаев атындағы (1991) сыйлықтардың лауреаты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет» ордендері және медальдармен марапатталған. 60 жыл өмірін ғылыми-өндірістік қызметке жұмсады. 280-нен астам ғылыми мақаланың және монографиялардың авторы.