Темір қақпаны табандап тұрып тепсе де түк шықпасын біле тұра тұра ұмтылған зағиптардың бұдан басқа қылар қайраты жоқ. Өйткені осымен 6-шы тәулік ас-сусыз жатқан Алматыдағы соқырларға арналған оқу-өндірістік кәсіпорнының бұрынғы басшысы Алтынай Ибрагимова мен оның көмекшісі бүгін тіпті таяққа жығылыпты. Ғимаратты тар көрген күзетшілер оларды сүйреп далаға шығарып тастаған. Қазір мекеменің ауласында күн астында қақсып отырған қос азаматша тек темір қақпаның арғы бетінен тіл қатысады.
Алтынай Ибрагимова:
-Бізді ұрып-соғып аяғымыздан сүйреп тепкілеп есік алдына мына жерге дейін шығарып тастады. Мына кісіні көтеріп алып есіктің алдына шығарып тастады.Қазір біз бәріміз таяқ жеп осы есіктің алдында отырмыз, бізді ішке кіргізбейді. Әубәкіров кісілерді жинап тұрып телефонында “Мен тірі болған кезде Алтынай бұл жерге директор боп келмейді” деді.
Әубәкіровтың әлі жетіп, әлімжеттік жасай алатыны қос әйел ғана деп ашуға мінді ел. Алтынай Ибрагимованың көмекшісін күзетшілер тіптен далаға лақтырып тастапты. Таспаға басылған бәрі. Ал тәртіп сақшылары тайлы-тұяғымен келсе де зағиптардың азабын алыстан бақылап қана тұрған.
-Түсіріп ал бәрін, біреуінің қолынан келмейді. Түсіріп ал бәрін. Қақбастар өңкей.
Жұбайының осынша аянышты хәлін көргенімен Бірінші топтағы мүгедек Марқаметте қайрат қыла алмаған.
Марқамет Бағдар, “Қазақ зағиптары” қоғамының мүшесі:
-7-8 күзетші өзінің сүртіп отырған орамалымен қылқындырып есіктің алдына әкеліп тастады. Менің жолдасым Бекбосын Гүлназ Мұсақанқызын.Ұрды жұбайымды, міне мына орамалмен қылқындырды. Орамал сол кісінің қолында болған. Көзілдірігін лақтырып тастады, қолындағы телефонын алып алды.
-Ас-сусыз аш жатқан Алматыдағы соқырларға арналған оқу-өндірістік кәсіпорнының бұрынғы басшысы Алтынай Ибрагимова бүгін бір жеңіске жетті. Оның үстінен қыруар қаражатты заңсыз қымқырғаны үшін деп қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған. Енді тәніне тыртық түскен азаматша “Қазақ зағиптары” қоғамының директоры Байболат Әубәкіровпен қайта соттаспақ. Бұрынғы текетірестері 2 жылға созылған еді. Ал қоғамның басшысы бүгінгі шуға қатысты түсінік беруге бүгін уақыт таппады.