Алматыда борышкерлер банктердің алдына қара жамылып барып, шүберек өртеді - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+14 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда борышкерлер банктердің алдына қара жамылып барып, шүберек өртеді

Алматыда борышкерлер банктердің алдына қара жамылып барып, шүберек өртеді

Базына жеткізудің тағы бір тың тәсілін бүгін алматылық борышкерлер көрсетті. Бұл жолы олар банк алдына жаппай қара жамылып барып, тіпті артынша қолдарына байлаған шүберектерін өртеп жіберді. Жаға жыртысуға дейін барғандар әдеттегідей мемлекеттік қайта қаржыландыру бағдарламасына жеңілдіктер жасалсын дейді.  

  • 21 Қаңтар 2016
  • 168
Фото - Caravan.kz

Борышкерлер апта салып, қайта жиналды. Қарсылық акцияларының небір түрін көрсетіп жүргендер бұл жолы тіпті қара киім жамылып келген. Жұрттың бәріне бірдей қарайтын менеджерлердің әрекетінен мезі болдық деген олар әркімнің жағдайы әртүрлі екенін осылай көрсетпекші.

Наразылықтары сан-алуа болғанымен, барлығының талаптары бір – несиені қайтаруға қатысты жеңілдік керек. Айлық төлем әркімнің табысына қарай есептелсін дейді олар.

Сұлубике Жақсылықова, «Халықты баспанамен қамтиық» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

Белгілі бір жеңілдіктер, негізгі қарыздан шегерім болсын. Сол кезде ғана бұл мәселе, борышкерлердің мәселесі түбегейлі шешіледі. Оған дейін бұл мәселе шешілмейді.

Көрші ғимаратта орналасқан келесі банкке шерушілер басқа тәсіл қолданды. Қаржы ұйымының белгісі бейнеленген шүберектерді қолдарына баулап, талаптарын жеткізбек болған. Естіген жауап көңілдерінен шықпаған соң, шүберекті бензин құйып өртеуге кірісті.

Банктердің де бұл ретті өз уәждері бар. Арыз жазғандарға мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдіктер жасалыпты. Бүгінге дейін тек бір банктің өзі бюджеттің ақшасына 2 мыңнан астам адамның пайыздық үстемесін төмендеткен екен. Ал қарызды мүлдем кешіру мүмкін емес деп ашық айтып отыр.

Дмитрий Посохов, «Казкоммерцбанк» АҚ Алматы филиалы директорының орынбасары:

 —Өсімақы мен пайыз мөлшерін алып тастау жағынан ғана жеңілдік жасалады. Бұл бағдарлама талабында көрсетілген. Негізгі қарызды кешіру болмайды.

Бағдарлама бойынша доллармен алынған несие 188-бен бекітіліп, теңгеге ауыстырылады. Пайыз мөлшері де 3 пайызға дейін төмендетіліп, бүгінге дейінгі өсімақының барлығы кешірілмек. Бірақ бұл да наразы борышкерлердің көңілінен шығып отырған жоқ.

Борышкерлердің бүгінгі акциясы әдеттегідей аяқталды. Төрағаны талап еткен жұртқа оның шықпағаны анық, ал өздері есіктен ары қарай аса алмады. Есесіне қоғамдық тәртіпті бұзу және кішігірім бұзақылық жасағаны үшін олардың әрқайсысы енді әкімшілік айыппұл арқалайды.