Алматыда Орталық Азия мемлекеттерінің IV Халықаралық театр фестивалінің жеңімпаздары анықталды
Бүгін Алматыда бір аптаға созылған Орталық Азия мемлекеттерінің IV Халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті. |
21-ші қазан күні басталған бұл өнер бәйгесіне қатысушыларға Литваның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Литва орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Йонас Вайткус бастаған қазылар алқасы төрелік жасаған болатын. Онда Айгүл Иманбаеваның музыкалық театр орталығы (Қазақстан) «Шығармашылық ізденіс үшін», «Өзбектеатр» шығармашылық бірлестігі (Өзбекстан) «Үздік дебют», Тәжікстанның облыстық М.Назаров атындағы мемлекеттік сазды комедия театры «Үздік музыкалық безендіру» аталымы бойынша арнайы дипломмен, мүсіншемен және қаржылай сыйақымен марапатталды.
Сондай-ақ Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрынан Ерлан Тұяқов «Үздік сценография», Жанар Мақашева «Үздік әйел рөлі», Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрынан Раиса Төлеуова «Үздік әйел рөлі», Солтүстік Қазақстан облысының С.Мұқанов атындағы сазды драма театрынан Нартай Сәрсенбаев «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі», Астана қаласының Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрынан Нұркен Өтеуов «Үздік ер адам рөлі», Республикалық неміс драма театрынан (Қазақстан) Қубанчбек Адылов «Үздік режиссура» аталымы және Б.Қадыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жасөспірімдер театрынан (Қырғызстан) Айнұр Қашқынбекова «Екінші пландағы үздік әйел рөлі», Марат Жантелеев «Үздік ер адам рөлі» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылып, оларға мүсіншелер, дипломдар және қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін