Жарияланды: 340

Алматыда Қарбыз фестивалі өтті

Алматыда Қарбыз фестивалі өтті! Жаздың соңғы күндері өткізілген жеміс мейрамына жиылған жұрттың қарасы мол. Айта кетейік, бұл фестиваль қала күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Қыркүйектің соңғы жексенбісіне белгіленген айтулы мерекеге орайластырылып, бірқатар шаралар жоспарланған.

Биылғы қала күнін жылдағы дәстүрден өзгеше сипатта атап өткісі келетін Алматы әкімдігі қуанышты күнді қыркүйек басталмай жатып тойлап кетті. Арнайылап фестиваль өткізу үшін жемістердің ішінен жаздың сәнін кіргізген қарбызды таңдап алыпты. 

Әйгерім Бекбаева, «Қарбыз фестивалінің» ұйымдастырушысы:

- Жаздың соңғы күндерін тәтті естелікпен өткізуді мақсат еткенбіз. Бұл үшін қарбыздан артық жемісті көрмедік. Фестиваль қаламызда бірінші рет өтіп отыр. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары қарбыздан қандай керемет туындылар жасауға болатынын көре алады.

Көкөніс пен жемістің бетіне өрнек салуды карвинг дейді. Осы өнерге ден қойған Әлішердің айтуынша, бұған асқан төзімділік керек екен. Өйткені бір қарбызға толық гүл ойып шығу үшін кемінде бір жарым сағат уақыт кетеді.

-Бұған арнайы пышақтар қолданады. Мынау мысалға, «тайский нож» дейді. Негізгі пышақ осы болады. Тағы да мына жерде қосымша пышақтар бар. Қазір мен солардың біреуін алып ойып көрсетем. 

Сүйікті жеміс дәріптелген шараға қала тұрғындары да көп жиналған. Алаңқайда ойын-сауық, сахнада әншілер, айнала толған қарбыз-бұл көріністің барлығы жұртшылықтың көңілін көтеріп-ақ тұр.

Серғазы Арықбаев, Алматы қаласының тұрғыны:

-Отбасымызбен, немерелерімізбен келдік. Бала-шағамызға керемет болып жатыр. Мынадай фестивальді бірінші рет көріп тұрмыз. Неше түрлі қарбыздар кесіліп жатыр, әдемі-әдемі гүлді, роза гүлдері.

Қала күніне дейін алматылықтарды әлі талай керемет кештер күтіп тұр. Ал ұйымдастырушылар мына фестивальді енді дәстүрге айналдырмақшы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін