Жарияланды: 430

Алматыда қолында ойыншық нәресте бар тіленшілер қолға түсті

Алматыда жалған қайыршылықпен айналысып келген Өзбекстан азаматтары ұсталды. Бала орнына қуыршақты қойнына қысқан қос әйел қаланың қақ ортасында қайыр тілеген. Осылайша, ұзақ уақыт бойы жұртты алдап келген. Қолында тіпті құжаты жоқ бұл әйелдердің елімізге заңсыз жолмен жеткені анықталды. Жалпы, қаланың халық көп шоғырланған жерлерінде кескестеп қайыр сұрағандар саны соңғы кездері тым көбейіп кеткен.

- Не, қане, дұрыстап ашшы, кукла ғой иә?! Кукла ғой, иә?

- Мхм.

Өтірік мүсәпір күйге түсіп, ақша тауып келген әйелдердің бұл әрекеттері үшін беттері де қызармады. Өзбекстанның 3 азаматшасы ұзақ уақыттан бері осындай кәсіппен айналысып келіпті. Әйелдердің біреуінікі ғана құндақтаулы сәби, ал қалғандарының қолында нәресте орнына қуыршақ болған.

- Не қылайын, бұлай положениеде болсам. Екі қабат болсам, темболее свекровь в больнице. Что делать?  - Ақша керек қой. Ақша сіз бересіз бе?!

Тіпті, қуыршақ екенін білдірмеу үшін жөргекке мақта мен матаны толтырып алған. Жұртты алдап, оңай олжаға кенелгендердің құжаттары да жоқ болып шықты. Заңсыз әрекеттерімен Медеу ауданының халық көп шоғырланған жерінде айналысқан. Мұндай жалған қайыршылар саны аймақта көп дейді жергілікті тұрғындар.

- Осылай бала орап алған 10-нан астам әйел жүр осы жерде. Орап алғандары бала емес, қуыршақ. Бетін көрсет десек,әлі қырқынан шықпаған деп көрсетпейді.

Соңғы кездері қалада жұртқа қол жайғандар саны еселене түскен. Ал заңға сәйкес қоғамдық орында қайыр тілеу тәртіп бұзу болып есептеледі.

Нұрлыбек Сапарбаев, Медеу аудандық ІІБ әкімшілік полиция бөлімі бастығының орынбасары:

–  Ұсталғандардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал шетелдік азаматтар заң бойынша 5 күнге абақтыға қамалады.

Бұған қоса, өзбек әйелдері енді елімізден де шығарылмақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін